Қаз
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы
Жаңалықтар
дейін

Баку мен Астана мәдениетаралық және дінаралық диалогты ілгерілетуде күш біріктіруде

Қазақстан Мәдениетаралық диалогтың VII дүниежүзілік форумында жасанды интеллект және климат салаларындағы Діни лидерлер съезінің жаңа бастамаларын ұсынды

БАКУ – АСТАНА, 2026 жылғы 27 қазан. Баку процесі мен Астанадағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің өзара толықтырушылығы Мәдениетаралық диалогтың VII дүниежүзілік форумында Конфессияаралық және дінаралық диалог халықаралық орталығы Басқарма төрағасы Гүлсана Қожабайдың сөйлеген сөзінің басты түйіндерінің бірі болды.

Халықаралық форум Бакуде «Ортақ болашақ үшін диалог: бөлшектенген әлемде көпірлер орнату» ұранымен өтуде.

Ашылу салтанатына Әзербайжан Президенті Ильхам Алиев қатысып, Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбітшілік процесіне ерекше тоқталды. Қол жеткізілген уағдаластықтар әлемнің әр түкпірінде жалғасып жатқан соғыстар мен қақтығыстар аясында маңызды серпін болып, тіпті көпжылдық текетірестің де саяси диалог пен бейбітшілік іздеуге жол бере алатынын көрсетті.

Даму жылдары ішінде Баку процесі саясат пен мәдениетаралық диалогтан бастап жастар бастамалары, бизнес және жасанды интеллект салаларын қамтитын ауқымды халықаралық платформаға айналды.

Бағдарламада халықаралық ұйымдар, үкіметтер мен сарапшылар қауымдастығының өкілдерін біріктірген «Әріптестіктен ұжымдық әрекеттерге дейін: жасанды интеллект дәуіріндегі мәдениетаралық диалог үшін жаһандық өзара әрекеттестікті нығайту» атты бірлескен жоғары деңгейдегі сессия ерекше орын алды. Талқылаудың орталығында жаңа жаһандық сын-қатерлер жағдайындағы халықаралық ынтымақтастықтың практикалық тетіктері болды.

Сессияның маңызды сәті БҰҰ Өркениеттер альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиностың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезінің қорытындысы бойынша қабылданған Астана бейбітшілік декларациясына үндеуі болды. Ол Астанада өткен арнайы сессияның маңыздылығын атап қана қоймай, Декларацияның жекелеген ережелерін дәйексөз ретінде келтіріп, оның идеяларының халықаралық ынтымақтастық үшін өзектілігін атап көрсетті.

Сессияда сөз сөйлеген Гүлсана Қожабай Баку процесі мен Астана Съезінің өзара толықтырушы рөлін атап өтті. Бірінші алаң мемлекеттер мен халықаралық институттардың мәдениетаралық өзара әрекеттестігін дамытса, екіншісі әлемдік діни дәстүрлердің өнегелік және рухани әлеуетін біріктіреді. Олар бірлесіп ортақ бастамаларды ілгерілету және диалогтан практикалық ынтымақтастыққа көшу үшін қосымша мүмкіндіктер қалыптастырады.

 

Бұл халықаралық бастамаларды дамыту президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Алиевтің басшылығымен, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін беретін олардың саяси еркі мен бейбітшілік пен өзара түсіністік идеяларына жүйелі бейілділігі арқылы жүзеге асырылуда. Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы, Шейх-уль-ислам Аллахшукюр Пашазадедің дінаралық байланыстар мен диалогты нығайтудағы көпжылдық рөлі жеке атап өтілді.

Астана бейбітшілік декларациясы идеяларының практикалық жалғасы ретінде Гүлсана Қожабай Съезд Хатшылығының 7 қазанда өткен XXIV отырысында қабылданған екі құжатты ұсынды. Дін саласындағы жасанды интеллектті қолданудың этикалық кодексі рухани беделді жасанды интеллектпен алмастыруға жол бермей, ар-ождан бостандығын, адам қадір-қасиетін және діни ақпараттың шынайылығын қорғауға арналған жаңа технологияларды қолданудың адамгершілік бағдарларын айқындайды. «Діндердің климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі рөлі» құжаты экологиялық жауапкершілік пен тұрақты дамуды ілгерілетудегі діни қауымдастықтардың әлеуетін ашады. Бұл екі бастаманы да технологиялық прогресті адамгершілік қағидаттарымен толықтыру және ортақ құндылықтарды нақты әрекеттерге айналдыру ұмтылысы біріктіреді.

Халықаралық әріптестіктің практикалық перспективалары KAICIID диалог халықаралық орталығының Бас хатшысы міндетін атқарушы, елші Антониу ди Алмейда-Рибейромен екіжақты кездесуде де талқыланды. Тараптар Өзара түсіністік туралы меморандумды жаңарту және бірлескен жобаларды дамыту мәселелерін талқылады. Қазақстандық тарап сондай-ақ KAICIID-тің Съезд институттарының алдағы отырыстарына қатысуына мүдделілігін білдірді.

Форум алаңдарында БҰҰ Өркениеттер альянсы, ИСЕСКО, ЮНЕСКО, «БҰҰ-әйелдер» құрылымы және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдерімен жұмыс кездесулері өтті.

Баку процесі мен Астана Съезінің өзара толықтырушылығы дінаралық диалог, жасанды интеллектті жауапкершілікпен пайдалану және тұрақты даму салаларындағы бастамаларды бірлесіп ілгерілету үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.