ХХІ Съезд Хатшылығы
ӘЛЕМДІК ЖӘНЕ ДӘСТҮРЛІ ДІНДЕР ЛИДЕРЛЕРІ СЪЕЗІНІҢ
XXI ХАТШЫЛЫҒЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША КОММЮНИКЕ
(2023 жылғы 11 қазан, Астана қ.)
Съезд Хатшылығының XXI отырысына қатысушылар дінаралық диалогтың жай-күйі мен динамикасын, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі шеңберіндегі дінаралық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII съезінің қорытынды Декларациясын іске асыру және ілгерілету мәселелері бойынша жемісті және сындарлы пікір алмасу өтті.
Отырысқа қатысушылар Съездің 20 жылдық табысты қызметін және дінаралық және өркениетаралық диалогты нығайту мен дамытудағы маңызды жасампаз рөлін атап өтті.
Сонымен қатар, өсіп келе жатқан геосаяси шиеленіс, әлемдік тәртіптің эрозиясы және қақтығыстардың өсуі жағдайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі жаһандық дінаралық және өркениетаралық диалог үшін платформа ретінде ерекше маңызға ие болатыны атап өтілді.
Хатшылық отырысына қатысушылар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халықаралық қауіпсіздіктің берік жүйесін құру және әлемнің көптеген елдерінің алдында тұрған өткір сын-қатерлер мен проблемаларды еңсеру мақсатында бейбітшілік үшін жаңа жаһандық қозғалыс құру қажеттілігі туралы идеясын қолдады. Бұл идеяны іс жүзінде жүзеге асырудағы маңызды қадам Қазақстан Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымының төрағасы ретінде ұсынған әділетті әлем мен келісім үшін әлемдік бірлік туралы бастамасы болды.
Дін қайраткерлері бейбітшілік үшін жаһандық қозғалысты қалыптастыруда және өзекті халықаралық мәселелерді шешуде рухани дипломатияның әлеуетін пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.
Отырысқа қатысушылар әділетті, қауіпсіз және гүлденген әлемге, дінаралық және конфессияаралық келісім қағидаттарын белсенді ілгерілетуге ортақ ұмтылысын білдірді. Сонымен бірге адамзаттың рухани және әлеуметтік әл-ауқаты үшін адамгершілік құндылықтар мен бағдарлардың іргелі маңыздылығы атап өтілді.
Хатшылықтың XXI отырысына қатысушылар көптеген бейбіт тұрғындардың құрбан болуына әкеліп соқтырған Таяу Шығыстағы қақтығыстың күрт өршуіне байланысты терең алаңдаушылықтарын білдірді. Олар өңірдегі бейбітшілікке деген бейілділіктерін білдіріп, екі тарап пен халықаралық қауымдастықты жағдайды бейбіт жолмен шешуге күш салуға шақырды.
Діни қайраткерлер қасиетті кітаптарды қорлау әрекеттерін және діндарлардың сезімдерін қорлайтын және шиеленістерді күшейтуге, халықтар мен діндер арасындағы сенімге нұқсан келтіруге бағытталған кез келген арандатушылықтарды бірауыздан айыптады. Мұндай іс-әрекеттерді сөз бостандығының көрінісі ретінде санауға болмайтындығы баса айтылды.
Сонымен қатар, экстремизм, радикализм, терроризм және қарулы зорлық-зомбылықтың басқа нысандары қандай да бір мақсаттармен ақталса да, оларды түбегейлі қабылдамау керек екендігі атап өтілді.
Хатшылықтың XXI отырысының басты қорытындыларының бірі Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдау болды.
Тұжырымдама Съезд қызметінің перспективалық бағыттарын айқындайды, оның қауіпсіз, тұрақты, төзімді және гүлденген әлем құру жөніндегі халықаралық күш-жігердегі рөлі мен орнын көрсетеді. Тұжырымдаманы іске асыру Съездің жаһандық дінаралық диалог пен ынтымақтастық платформасы ретінде одан әрі дамуына, сондай-ақ рухани дипломатияның әлеуетін кеңінен пайдалануға ықпал ететін болады.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар 2024 жылдың күзінде Астана қаласында Съезд Хатшылығының келесі XXII отырысын өткізу туралы шешім қабылдады. Съезд Хатшылығының XXII отырысын сапалы дайындау мақсатында 2024 жылы Хатшылықтың Жұмыс тобының кезекті отырысын өткізу туралы шешім қабылданды.
Отырысқа қатысушылар дәстүрлі қонақжайлылығы мен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XXI отырысын жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қазақстан тарапына ризашылықтарын білдірді.