АСТАНА БЕЙБІТШІЛІК ДЕКЛАРАЦИЯСЫ 2025
Біз, Астана қаласында 17-18 қыркүйек аралығында өткен, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінің қатысушылары,
өзара түсіністік пен құрметті қамтамасыз ету мақсатында өркениеттер, түрлі мәдениеттер мен діндер арасындағы диалогты нығайтуға, сондай-ақ, бейбітшілік мәдениетін ілгерілетуге және әртүрлі этникалық әрі діни топтарға жататын адамдар мен халықтар арасындағы қатынастарды жақсартуға үлес қосуға деген ортақ ұмтылыс аясында біріге отырып,
діни лидерлер арасындағы диалог негізгі адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қоса алғанда, жалпы адамзаттық құндылықтарды тереңірек түсінуге және ілгерілетуге ықпал ете алатынын мойындай отырып,
бүкіл әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту үшін діндер мен мәдениеттер арасындағы диалогты дамыту жолындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының, сондай-ақ өзге де халықаралық, өңірлік, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың талпыныстарын қолдай отырып,
өркениеттер, мәдениеттер, діндер мен халықтар арасындағы тереңірек түсіністік пен өзара құрметті ілгерілетудегі БҰҰ-ның Өркениеттер альянсының айрықша рөлін мойындай отырып,
«Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін 2033 жылға дейін дамыту тұжырымдамасында» бекітілген құндылықтар мен мақсаттарға адалдығымызды растай отырып,
мәдени және діни әртүрлілікті құрметтеудің маңыздылығын атап өте отырып,
әлемнің түрлі аймақтарында жалғасып жатқан қақтығыстарға, олармен қатар жүретін гуманитарлық дағдарыстар мен бейбіт тұрғындардың азап шегіп жатқанына қынжыла отырып,
осы тұрғыда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бейбітшілік жолындағы жаңа жаһандық қозғалыс құру мақсатында ізгі ниетті барлық адамдардың күшін біріктіру жөніндегі үндеуін құптай отырып,
діни және осыған байланысты идеологиялық төзбеушіліктің, соның ішінде оның жеккөрушілік пен зорлық-зомбылықты өршітуге ықпал ететін цифрлық ортадағы көріністерінің артуына алаңдаушылық білдіре отырып,
терроризмнің барлық түрлері мен көріністері ешбір дінге, ұлтқа, өркениетке не болмаса этникалық топқа байланысты болуы мүмкін емес екенін және байланыстырылмауға тиіс те екенін атап өте отырып,
әлем халықтарының руханияты, мәдениеті мен дәстүрлерін бейнелейтін, бірегей тарихи мұра саналатын діни нысандар мен рәміздерді қорғаудың маңыздылығын растай отырып,
діни лидерлердің қоршаған ортаны қорғау жолында өз қауымдарын ағарту, игі істерге жігерлендіру және жұмылдырудағы рөлін атап көрсетіп, экологиялық жағдай мен климаттың өзгеруіне қатысты ерекше алаңдаушылық білдіре отырып,
жаңа технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект, әрбір адамның қадір-қасиетін құрметтеп, адамзатқа зиян келтірмей, адамдарға қызмет етуге тиіс екенін атап өте отырып,
алалаушылықты еңсеру, өзара түсіністікті тереңдету және ынтымақтастықты нығайту мақсатында жастар мен әйелдерді дінаралық және мәдениетаралық диалогқа тартудың маңыздылығын мойындай отырып,
бейбітшілікті, төзімділікті, өзара түсіністікті, дінаралық және мәдениетаралық диалогты ілгерілетуде және дінге немесе сенімге қатысты кемсітушілікті түбегейлі жоюда білім берудің маңыздылығын атап өте отырып,
Съездің мәдениетаралық және дінаралық өзара байланысты нығайтудағы елеулі рөлін мойындай отырып және дінаралық диалог үшін тиімді алаң ретіндегі маңызын тағы да растай отырып,
МЫНАДАЙ ОРТАҚ ҰСТАНЫМҒА КЕЛДІК:
1. Біз бейбітшілікке, әлеуметтік тұрақтылыққа және жаһандық ынтымақтастыққа қол жеткізуге бағытталған күш-жігердің маңызды құралы болып табылатын дінаралық және мәдениетаралық диалогты тереңдетуге деген адалдығымызды білдіреміз. Қақтығыстар мен геосаяси қарама-қайшылықтардың күшеюі жағдайында, диалог адамзаттың өмір сүруінің негізі болып табылатын бейбітшілік пен дамуға жол ашады.
2. Біз ұлттық үкіметтерді, халықаралық ұйымдарды, діни лидерлерді, саясаткерлерді, сарапшыларды, ҮЕҰ, БАҚ өкілдерін және барлық ізгі ниетті адамдарды адамзат бірлігінің негізі ретінде мәдениетаралық және дінаралық диалогты белсенді түрде ілгерілетуге, төзімділікті, адам құқықтарын құрметтеуді, инклюзивтілікті және бейбіт қатар өмір сүруді дәріптеуге, халықтар мен мемлекеттер арасындағы бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайту үшін өшпенділік пен зорлық-зомбылықтан бас тартуға шақырамыз.
3. Біз діни лидерлер миссиясының бір бөлігі – өзекті мәселелерді көрсете отырып, сенім мен әділ шешімдерге жәрдемдесе отырып, сондай-ақ аймақтық және жаһандық деңгейде бітімгершілік пен сындарлы диалогты қолдай отырып, қазіргі қоғамдардағы өнегеліліктің бағдары болу деп санаймыз.
4. Біз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі шеңберінде БҰҰ Өркениеттер альянсының қолдауымен өткізілген «Діни объектілерді қорғау жөніндегі арнайы сессия» соңғы жылдары әлемнің көптеген аймақтарында орын алған залал мен қирауларды мойындай отырып, адамзаттың мәдени әртүрлілігі мен рухани мұрасын сақтауға елеулі үлес қосатынын атап өтеміз. Оның өткізілуі БҰҰ-ның діни сенім бостандығын ілгерілету мен қорғауға бағытталған мақсатын іске асыруға ықпал етеді.
5. Біз Қасиетті Тақ пен Әл-Азхар Әл-Шарифтің бастамасымен қабылданған «Бейбітшілік пен бейбіт қатар өмір сүрудің пайдасына адами бауырластық туралы» құжатының, «Мекке декларациясының»,«Ислам ақыл-ой мектептері арасындағы көпірлер орнату туралы декларациясының»құндылығын, сонымен қатар Қасиетті Тақ, Бахрейн, Иордания бастамаларының, Өркениеттер альянсының, Дүниежүзілік ислам лигасының, «Дін бейбітшілік үшін» ұйымының, G20 дінаралық форумының, Мұсылман ақсақалдар кеңесінің, АҚШ-тың Діни бостандық жөніндегі халықаралық комиссиясы (USCIRF) және басқа ұйымдардың әлемдегі дінаралық диалог пен бүкіл әлемдегі әр түрлі діндер мен конфессиялар өкілдерінің өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған бастамаларының құндылығын тағы да атап өтеміз.
6. Біз қазіргі заманның көрнекті рухани лидері, өз өмірін бейбітшілікке қызмет етуге, халықтар мен діндер арасындағы диалогқа, адамның қадір-қасиеті мен әділеттілікті қорғауға арнаған Рим Папасы Францисктің қосқан үлесін терең ризашылықпен және құрметпен атап өтеміз. Оның мұрасы әлемдегі келісімге, мейірімділікке және өзара түсіністікке ұмтылатындардың барлығы үшін жарқын бағдар болып қала береді.
7. Біз БҰҰ-ның «Бірлік әртүрлілікте» тезисін, сондай-ақ конфессияаралық және мәдениетаралық диалогты дамытуға және осысалада маңызды іргетас бола алатын «Діни объектілерді қорғау жөніндегі БҰҰ іс-қимыл жоспары» сияқты бастамаларды ескере отырып, өшпенділікті өршітуге қарсы іс-қимылға бағытталған БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарларын нық қолдаймыз.
8. Біз әлемнің әртүрлі өңірлеріндегі қақтығыстардың жалғасуына байланысты терең алаңдаушылық білдіреміз. Бұл қақтығыстар мемлекеттер мен бейбіт тұрғындарға жойқын зиян келтіріп, адам құқықтарының жаппай бұзылуына әкелуде және адамгершілік пен жаһандық қауіпсіздіктің негіздерін қатерге тігуде. Біз барлық тараптарды Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы мен халықаралық құқық нормалары негізінде зорлық-зомбылықты тоқтатуға, диалог орнатуға және бейбіт шешімдер іздеуге шақырамыз.
9. Біз бейбітшілікті сақтауға және бүкіл адамзатқа қауіп төндіретін ядролық және басқа да жаппай қырып-жою қаруларының кез-келген түрін қолдануға тырысудың алдын алуға табанды түрде шақырамыз. Саяси көшбасшылар мен ресми тұлғалар Жер бетіндегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауды бірінші орынға қоя отырып, парасаттылық танытып, адамгершілік қағидаларын ұстануы керек және қарулы қақтығыстардың өршуіне жол бермеу үшін бар күш-жігерін салуы керек.
10. Біз халықаралық қоғамдастықтың назарын әйелдер мен балаларды, қарттарды, мүгедектігі бар адамдарды, босқындарды және дағдарыс пен қақтығыс аймақтарынан ішкі қоныс аударған адамдарды қолдау, олардың құқықтары мен әлеуметтік интеграциясын қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігерді жандандыру қажеттілігіне аударамыз.
11. Біз әлеуметтік теңсіздік радикалды көзқарастардың өсуіне ықпал ететінін мойындаймыз және саяси көшбасшыларды әл-ауқат алшақтығын қысқартуға және барша азаматтарға лайықты өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етуге шақырамыз. Біз тұтынушылық қоғам жағдайында рухани және адамгершілік бағдарлардың жоғалуына алаңдаушылық білдіреміз және қазіргі замандағы қоғамдарда рухани құндылықтар мен моральдық жауапкершілікті дамытуға шақырамыз. Діни дәстүрлерді ұстанушылар діни сенім бостандығы мен балаларын рухани құндылықтарға сәйкес тәрбиелеу құқығында шектелмеуі тиіс.
12. Біз экономикалық және саяси қайшылықтар мен қақтығыстар елдер арасындағы мәдениетаралық және этносаралық өшпенділік пен төзбеушіліктің артуына, адамдар арасында жеккөрушілік, кемсітушілік пен зорлық-зомбылық тудырмауға тиіс екеніне сенімдіміз. Азаматтық қоғам өкілдері мен саясаткерлер мұны есте ұстап, адамдар, қоғамдар мен мемлекеттер арасындағы толеранттылық пен сыйластық мәдениетін насихаттауға бағытталған өзара құрмет пен диалогты сақтауға ықпал етуі керек.
13. Біз экстремизмнің, радикализмнің және терроризмнің кез келген түрі мен көрінісін қатаң айыптаймыз, сондай-ақ дінді саяси мақсаттарда пайдалануға мүлде жол берілмейтінін атап өтеміз. Осы бағыттағы діни және саяси көшбасшыларды ынтымақтастыққа шақырамыз.
14. Біз діни өшпенділікті насихаттаудың, дінге негізделген кемсітушілікке, алауыздыққа немесе зорлық-зомбылыққа шақырудың, діни нысандар мен рәміздерді қорлаудың және діни төзімсіздіктің өзге де әрекеттерін қатаң айыптаймыз.
15. Біз радикализм мен экстремизмге қарсы күрес құралы ретінде ағартушылық пен діни білім беруді қолдаймыз. Білім әлемдегі бейбіт қатар өмір сүру мен өзара сыйластықтың негізін қалай отырып, басқа діндер мен дүниетанымдарға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруы керек.
16. Біз нәсіліне, дініне, мәдениетіне және өзге де айырмашылықтарына байланысты кемсіту мен қысым жасауға жол бермей, этникалық және діни азшылықтардыңқұқықтарын қорғауға шақырамыз. Адамзаттың алуан түрлілігі Жаратушының даналығын бейнелейтінін әрі барлық адамдардың теңдігін білдіретінін мойындай отырып, біз дінге мәжбүрлеуге жол берілмейтінін және айырмашылықтарды құрметтеу бейбіт қатар өмір сүрудің негізі болып табылатынын атап көрсетеміз.
17. Біз тұрақты дамудың негізі ретінде теңдік пен инклюзивтілікті қолдаймыз. Біз барлық діни, этникалық және әлеуметтік топтардың құқықтарын қорғауға, оларды қоғамдық өмірге және саяси диалогқа белсенді қатысуға шақырамыз.
18. Біз саяси және қоғамдық өмірдегі әйелдердің әлеуетін атап көрсетеміз және мұның бүкіл қоғамға пайда әкелетінін мойындай отырып, олардың одан да толыққанды қатысуына мүмкіндік беретін жағдайларды жасауға жәрдемдесуге ұмтыламыз.
19. Біз түрлі мәдениеттер мен діндер арасында өзара түсіністік пен құрмет орнатудағы жастардың рөлін атап көрсетеміз. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі аясында өтетін Жас діни лидерлер форумын жаңа буынның күш-жігерін жұмылдыруға және дінаралық диалогтың сабақтастығын қамтамасыз етуге арналған маңызды алаң ретінде қолдаймыз.
20. Біз БҰҰ-ның Тұрақты даму жөніндегі күн тәртібін жүзеге асырудағы кідірістерге алаңдаушылық білдіреміз және 2030 жылға дейін Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін дамыған елдердің дамушы мемлекеттерге қаржы мен технология тұрғысынан қолдауын күшейтуге шақырамыз, ал дамушы елдерді – тұрақты дамуға қол жеткізу үшін бар күшін салуға шақырамыз.
21. Біз қоршаған ортаны қорғаудың және климаттың өзгеруімен күресудің маңыздылығын растаймыз. Экожүйелерді сақтауға, климаттық апаттардың алдын алуға, климаттың өзгеруіне бейімделу және оның салдарын азайту үшін жаһандық талпыныстар жасауға шақырамыз. Табиғатқа қамқор болу – Жаратушы мен болашақ ұрпақ алдындағы біздің парызымыз.
22. Біз съезд Хатшылығына халықаралық климаттық форумдарда ұсыну мақсатында «Климаттың өзгеруімен күрестегі сенімнің рөлі»атты құжат әзірлеуді тапсырамыз.
23. Біз жаңа технологияларды, соның ішінде цифрлық технологияларды, жасанды интеллект пен биоинженерияны жауапты түрде пайдалануға шақырамыз. Жасанды интеллектті кемсіту, өшпенділік немесе адам қадір-қасиетіне нұқсан келтіру мақсатында қолдануға жол берілмеуі керек. Біз адам құқықтары мен этика қағидаттарына сүйене отырып жасалған жасанды интеллектті пайдалану жөніндегі халықаралық нормаларды әзірлеудің қажеттілігін атап көрсетеміз. Жасанды интеллектті дамытудағы прогресске қарамастан, шынайы жанашырлық пен сүйіспеншілік таныту тек адамға ғана тән қабілет екендігін және осы қасиеттерге баулу адамзаттың гуманистік әрі рухани-адамгершілік тұрғыдан дамуының арқауына айналуға тиіс екенін мәлімдейміз.
24. Біз рухани-адамгершілік құндылықтар тұрғысынан жасанды интеллектті жауапты пайдаланудың әмбебап қағидаттар жинағын әзірлеу мүмкіндігін зерделеуді ұсынамыз.
25. Біз әлемнің күн тәртібі мен геосаяси жағдайлардың шиеленіскен уақытында халықаралық қауымдастықты халықаралық қауіпсіздік пен әділдіктің кепілі ретінде БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын, халықаралық құқықты және халықаралық қауіпсіздік кепілдіктерін сақтауға шақырамыз.
26. Біз Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың келіспеушіліктер мен қақтығыстарды еңсеруге, халықтар арасындағы сенімді нығайтуға және бейбітшілік пен әділдік мұраттарын орнықтыруға ұмтылатындардың күш-жігерін біріктіру мақсатында бейбітшілік жолындағы жаңа жаһандық қозғалыс құру жөніндегі үндеуін қолдаймыз.
27. Біз басқа жаһандық және өңірлік алаңдармен серіктесте отырып, бейбітшілік пен келісім мәдениетін ілгерілетудің тиімді жолдарын іздеу үшін бейбітшілік жолындағы жаһандық қозғалыстың мақсаттарын ілгерілету жөніндегі халықаралық диалогты жандандыруға және халықаралық іс-шаралар легін – дөңгелек үстелдер, конференциялар мен сайд-ивенттер ұйымдастыруға ниеттіміз.
28. Біз инклюзивті әрі үйлесімді халықаралық қауымдастықты қалыптастыруға бағытталған жаһандық талпыныстарды нығайту мақсатында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің идеялары мен мақсаттарын Біріккен Ұлттар Ұйымының алаңдарында және басқа халықаралық форумдарда белсенді түрде ілгерілетуді және жүзеге асыруды ұсынамыз.
29. Біз халықаралық қауымдастық пен БҰҰ Бас Ассамблеясын 20 жылдан астам уақыт бойы діндер арасындағы диалог пен келісімді белсенді түрде ілгерілетіп, бейбітшілік пен үйлесімділікті нығайтуға ықпал етіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің маңызды рөлін мойындауға шақырамыз. Съезд өзара құрмет пен ынтымақтастық негізінде жаһандық дінаралық диалог пен рухани дипломатияны қалыптастыруға елеулі үлес қосты.
30. Біз форум серіктестерімен бірлесіп айтылған ұсыныстар мен идеяларды халықаралық деңгейде іске асыруды қамтамасыз ету үшін съезд Хатшылығына Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінде қабылданған «Астана бейбітшілік декларациясы 2025» ілгерілету және жүзеге асыру жөніндегі Жол картасын әзірлеуді тапсырамыз.
31. Біз съезд Хатшылығына съездердің мәтіндері мен материалдарын, қатысушылар мен сарапшылардың баяндамаларын, сондай-ақ форумның идеялары мен міндеттері бейнеленген медиажобаларды қамтитын электронды кітапханасы бар Халықаралық рухани білімдердің онлайн-орталығын құруды ұсынамыз.
32. Біз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің қызметін жалғастыруға деген ортақ адалдығымызды растаймыз және келесі, IX съезді 2028 жылы Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласында өткізуге ниет білдіреміз.
33. Біз Қазақстан Республикасының мәдениетаралық, дінаралық және конфессияаралық диалогтың беделді әрі жаһандық орталығы екенін тағы бір мәрте мойындаймыз.
34. Біз Қазақстан Республикасына, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және бүкіл қазақ халқына VIII съезді шақырғаны үшін, сондай-ақ бейбітшілік пен үйлесімділікті нығайтуға септігін тигізетін іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін, көрсеткен ықыласы мен қонақжайлығы үшін шынайы алғысымызды білдіреміз.
* * *
Осы Декларация Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі делегаттарының көпшілігімен қабылданды және ол бүкіл әлемдегі билік өкілдеріне, саяси және діни лидерлерге, халықаралық және өңірлік ұйымдарға, азаматтық қоғам институттарына, сондай-ақ діни бірлестіктер мен жетекші сарапшыларға жолданады. Сонымен қатар, БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясының ресми құжаты ретінде таратылатын болады.
Декларацияда қамтылған қағидаттар барлық мүдделі елдердегі саяси шешімдерде, заңнамалық нормаларда, білім беру бағдарламаларында және бұқаралық ақпарат құралдарында ескерілуі үшін өңірлік және халықаралық деңгейде таралуы мүмкін.
БІРЛІККЕ, БЕЙБІТШІЛІККЕ ЖӘНЕ ГҮЛДЕНУГЕ АПАРАР ЖОЛЫМЫЗ ҚҰТТЫ БОЛҒАЙ!
ӘЛЕМДІК ЖӘНЕ ДӘСТҮРЛІ ДІНДЕР ЛИДЕРЛЕРІ VIII СЪЕЗІНІҢ ҚАТЫСУШЫЛАРЫ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ АСТАНА ҚАЛАСЫ
2025 ЖЫЛҒЫ 17-18 ҚЫРКҮЙЕК