Қаз
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXI отырысы туралы ақпарат

2023 жылғы 11 қазанда Астана қаласында, Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXI отырысы өтті.

Съездің XXI Хатшылық отырысына әлемнің 23 елінен діни лидерлер мен олардың өкілдері қатысты. Қатысушылар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінде қабылданған Декларация ережелерінің іске асырылу барысын талқылады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген Съезді 2023–2033 жылдарға арналған дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Бейбітшілік және келісім сарайында ислам, христиандық, иудаизм, буддизм, индуизм, даосизм, синтоизм және басқа да діндердің, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері дөңгелек үстел басына жиналды.

Хатшылық отырысы аясында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінің қорытындылары бойынша пікір алмасу жүргізіліп, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін 2023–2033 жылдарға арналған дамыту тұжырымдамасы талқыланды.

Отырыс барысында қатысушылар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген Съезді 2023–2033 жылдарға арналған дамыту тұжырымдамасын бекітті. Құжат Съездің БҰҰ институттарымен және басқа да беделді халықаралық құрылымдармен ынтымақтастығын тереңдетуді, форум серіктестерінің аясын және оның қызмет ету географиясын кеңейтуді көздеді.

Діни лидерлер өз сөздерінде Қазақстандық форум жұмысының айрықша маңыздылығын атап өтті. Діндер мен мәдениеттер арасындағы өзара түсіністік пен келісімге қол жеткізу үшін діни және саяси лидерлердің күш-жігерін біріктірудің маңыздылығына ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ рухани лидерлер Съезд аясында көтерілетін мәселелердің ауқымдылығын атап өтіп, олар Съезге қатысушылардың ортақ миссиясы – бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталғанын атап көрсетті.

Сонымен қатар, кездесу барысында Хатшылық отырысына қатысушыларды Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен және Съездің естелік медальдарымен марапаттау рәсімі өтті. Атап айтқанда, осы диалог алаңының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі үшін Кавказ мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Шейх-уль-Ислам Аллахшүкір Паша-Задеге II дәрежелі «Достық» ордені табысталды. Сондай-ақ бірқатар қатысушы «Шапағат» медальдарымен және Съездің Құрмет медальдарымен марапатталды.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар Коммюнике қабылдап, онда Съездің 20 жылдық табысты қызметін және маңызды жасампаздық рөлін атап өтті.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың берік халықаралық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру және өткір сын-қатерлер мен проблемаларды еңсеру мақсатында бейбітшілік жолындағы жаңа жаһандық қозғалыс құру қажеттігі туралы идеясын қолдады. Атап айтқанда, осы идеяны практикалық тұрғыда іске асырудағы маңызды қадам ретінде Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі аясында ұсынған «Әділетті бейбітшілік пен келісім жолындағы әлемдік бірлік» бастамасы атап өтілді. Сондай-ақ кездесу қатысушылары Съезі Хатшылығының келесі XXII отырысын 2024 жылдың күзінде Астана қаласында өткізу туралы шешім қабылдады.

Сол күні Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің 20 жылдығына орай арнайы шығарылған мерейтойлық пошта маркасын салтанатты түрде өшіру рәсімі өтті. 10 мың дана тиражбен шығарылған марка әлемнің филателиялық каталогтарына енгізілетін болады.