Қаз
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі

СЪЕЗД ТУРАЛЫ

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі – Астана қаласында орналасқан бірегей жаһандық диалог алаңы болып табылады. Алғаш рет Съезд ел басшылығының бастамасымен 2003 жылғы 23-24 қыркүйекте өткізілді.

Сонымен қатар, 2003 жылғы 13 ақпанда Бейбітшілік пен келісім халықаралық конференциясында (христиан, мұсылман және иудей ұйымдарының өкілдерін біріктірген) сөйлеген сөзінде Қазақстан барлық конфессияларға Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін өткізуді ұсынды. Қазақстанның Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін шақыру туралы бастамасы қазақ халқының мәдени кодының ажырамас бөлігі болып табылатын діни төзімділік пен қонақжайлылықтың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлеріне сүйенеді.

Ежелден Шығыс пен Батысты тоғыстырған Ұлы Жібек жолының орталығында орналасқан Қазақстан аумағында әртүрлі дін, конфессия мен мәдениет өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүрді. Ұлы дала төсінде зороастризм мен буддизм ғибадатханалары, тәңірлік символдар, христиан шіркеулері мен мұсылман мешіттері ежелден қатар өмір сүрген. XXI ғасырда Қазақстан Республикасы бұл өзара құрмет пен рухани әралуандық дәстүрін одан әрі жалғастырып келеді

СЪЕЗДІҢ МАҚСАТТАРЫ

  • Съезді көпжақты диалог пен ынтымақтастықтың, сондай-ақ әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің, халықаралық, ұлттық, қоғамдық институттардың және Съезд миссиясын қолдайтын ізгі ниетті адамдардың күш-жігерін үйлестірудің тиімді платформасы ретінде ары қарай дамыту;
  • Кез келген дәуірде жеке тұлға мен адамзат қоғамы дамуының мызғымас негізін құрайтын іргелі рухани-адамгершілік құндылықтарды ілгерілету – сонымен қатар, бұл құндылықтарды бөліспейтін адамдарға құрметпен қарауды сақтай білу;
  • Қазіргі әлемнің жаһандық проблемаларын (кедейлік, теңсіздік, экологиялық дағдарыстар, дискриминация, пандемиялар, экстремизм, терроризм және т.б.) шешу мақсатында әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің, халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік және қоғамдық институттардың, азаматтық қоғамдастықтардың, академиялық ортаның және бүкіл әлемдегі ізгі ниетті адамдардың күш-жігерін біріктіру;
  • Өзара құрметті, бейбітшілік пен келісімді адам өмір сүруінің бұлжымас қағидаттары ретінде бекіту, діндер, ұлттар мен этностар арасындағы диалог пен өзара сыйластық мәдениетін дамыту, келіспеушіліктер мен қақтығыстарды мәміле және татуласу негізінде шешу;
  • Адамдардың діни сезімдерін қақтығыстар мен әскери әрекеттерді өршіту және ушықтыру мақсатында пайдалануға жол бермеу, радикализмге, экстремизмге, терроризмге және зорлық-зомбылықтың кез келген көріністеріне жүйелі түрде қарсы тұру; 
  • Әлемдік және дәстүрлі діндерге қатысты нысандардың символикасын, тарихи және мәдени мұрасын қорғау әрі сақтау.

СЪЕЗДІҢ ХРОНОЛОГИЯСЫ

2003–2026 жылдар аралығында Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің сегіз Съезі өтті. Бұл басқосулар әртүрлі діни дәстүрлерді ұстанушылар мен әлемдік лидерлер арасындағы сындарлы диалог үшін маңызды халықаралық алаңға айналды. Іс-шараға ислам, христиан, иудаизм, индуизм, буддизм, зороастризм, синтоизм, даосизм, бахаи және джайнизм діндерінің өкілдері, сондай-ақ саяси және мемлекеттік қайраткерлер, халықаралық, діни және қоғамдық ұйымдардың (оның ішінде БҰҰ, БҰҰ Өркениеттер Альянсы, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО, ИЫҰ және Дүниежүзілік шіркеулер кеңесі) өкілдері қатысты.

Арадағы жылдар ішінде Съезд өзін жаһандық рухани дипломатияның беделді механизмі ретінде көрсете білді. Диалог алаңының маңыздылығы БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюцияларында үнемі атап өтіледі. Съездің жоғары мәртебесін оның жұмысына көрнекті әлемдік рухани лидерлердің жеке қатысуы растайды. Олардың қатарында Рим Папасы Франциск, Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Шейх Ахмед әл-Тайеб, Патриарх Кирилл, Иерусалим Патриархы Феофил III, Израильдің Бас раввиндері, сондай-ақ Иордания Королі II Абдалла, Финляндияның бұрынғы президенті Саули Ниинистё, Израильдің экс-президенті Шимон Перес сияқты саяси және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйымдардың (БҰҰ, БҰҰ Өркениеттер Альянсы, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ) басшылары бар.

2023–2033 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН МИССИЯ ЖӘНЕ СЪЕЗДАРАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ

Диалог алаңының алдағы жылдарға арналған миссиясы - қауымдастықтар арасындағы өзара құрметті жан-жақты нығайту және рухани дипломатияны белсенді түрде дамыту. Бұл жұмыстың негізі диалог философиясынан практикалық іс-әрекетке көшуді білдіретін – «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің 2023-2033 жылдарға арналған Даму тұжырымдамасы» болып табылады.

Съезд және оның құрылымдары адамзат алдында тұрған экологиялық дағдарыстар, экстремизм және кедейлік сияқты жаһандық қиындықтарды шешуге бағытталған.

Алаң идеяларын жаһандық деңгейде насихаттау және оның халықаралық беделін нығайту мақсатында Съездің Ізгі ниет елшілері институты құрылды. Оның құрамына қызметі бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық үлгісін халықаралық аренада насихаттауға бағытталған көрнекті мемлекет, дін және қоғам қайраткерлері кіреді.

Съездер арасындағы кезеңде арнайы Жол картасы жүзеге асырылуда, аймақтық конференциялар өткізілуде, жастар диалогы мен еріктілер қозғалысы белсенді дамып келеді.

VIII СЪЕЗД ЖӘНЕ 2025 ЖЫЛҒЫ АСТАНА БЕЙБІТШІЛІК ДЕКЛАРАЦИЯСЫ

Кезекті тарихи кезең – 2025 жылдың 17-18 қыркүйегінде Астанада «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» атты біріктіруші тақырып аясында ұйымдастырылған VIII Съездің сәтті өтуі. Форум әлемнің 60-қа жуық елінен келген делегациялардың басын қосты. Съезд аясында: Жас діни лидерлерінің ІІ форумы, БҰҰ Өркениеттер альянсының қамқорлығымен діни нысандарды қорғау жөніндегі арнайы сессия және Сарапшылылық дөңгелек үстелі өтті.

Форумның негізгі қорытынды құжаты рухани көшбасшылар қабылдаған «Астана бейбітшілік декларациясы 2025» болды. Бұл құжатта қатысушылар жаһандық сенім дағдарысын жеңу, қауіпсіздікті нығайту және дінаралық келісімді ілгерілету бойынша ортақ ұстаным білдірді. Құжаттың жоғары халықаралық мәртебесі мен жаһандық мойындалуы Астана бейбітшілік декларациясының мәтіні БҰҰ хатшылығымен «Бейбітшілік мәдениеті» күн тәртібінің тармағы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясының ресми құжаты ретінде A/80/425 нөмірімен ресми түрде таратылғандығымен расталады.