Қаз
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы

I ЖАС ДІНИ ЛИДЕРЛЕР ФОРУМЫ

Өткізілген күні: 2024 жылғы 9 қазан

Өткізілген орны: Астана, Қазақстан

Тақырыбы: «Ортақ болашақ жолында: жас көшбасшылардың дінаралық диалогты нығайтудағы рөлі».

Форумды өткізу бастамасы 2022 жылы өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі барысында көтерілді. Съезге қатысушылар жастарды қолдау және ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатында Жас діни лидерлер форумдарын өткізу идеясын бірауыздан қолдады. Бұл бастама келесі буын лидерлерінің де өзара белсенді іс-қимыл жасап, адамзат алдында тұрған жаһандық мәселелерді шешуге үлес қосуы үшін қолға алынды.

Аталған бастама Съездің XXI Хатшылығында бекітіліп, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабылданған «2023–2033 жылдарға арналған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін дамыту тұжырымдамасы»құжатына енгізілді.

Форумға 16 елден шамамен 55 қатысушы жиналды. Олардың қатарында Мысыр, Сауд Арабиясы, Әзербайжан, Иран, Израиль, Ресей Федерациясы, Ватикан, Швейцария, Ұлыбритания, Қытай, Таиланд, Жапония, Үндістан, Бенин, Біріккен Араб Әмірліктері және АҚШ өкілдері болды. Форум жұмысына жас діни және зайырлы лидерлер, болашағынан зор үміт күттіретін ғалымдар, сарапшылар, саясаткерлер, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысты. Қатысушылардың конфессиялық құрамы ислам, христиан, иудаизм, буддизм, даосизм, индуизм, синтоизм және бахаи діндерін қамтыды.

Форум жұмысы интерактивті сайд-ивенттерге қатысудан басталды:

Ақпарат аймағы. Қатысушылар Съездің және оның институттарының тарихымен танысатын ақпарат алмасу алаңы, сондай-ақ өздерінің ғылыми еңбектері мен ұйымдарының қызметі туралы презентациялар ұсынды.

Art аймағы. Қатысушыларға «Бір ғалам – бір қалам» атты ортақ картина салу ұсынылған шығармашылық кеңістік. Кейіннен бұл туынды Бейбітшілік және келісім музейіне табысталды.

Кітап аймағы. Дінаралық диалог тақырыбындағы танымал авторлардың еңбектерімен танысуға және қатысушыларға өздерінің ғылыми еңбектері мен кітаптарын таныстыруға арналған аймақ.

Жәрмеңке аймағы. Бейбітшілік пен руханият тақырыбындағы балалар суреттері ұсынылған көрме алаңы.

Форумның ресми ашылуы «Өзгерістер дәуіріне сенім» атты тақырыптық деректі фильмнің көрсетілімімен басталды.

Форумның секциялық отырыстары барысында жаңа технологиялар дәуіріндегі рухани құндылықтар мәселелері терең талқыланды. Қатысушылар жасанды интеллект пен цифрландырудың діни өмірдегі рөлін, сондай-ақ діннің маңызын және жас лидерлердің тұрақты дамуға, бейбітшілікті нығайтуға және дінаралық диалогты ілгерілетуге қосатын үлесін жан-жақты қарастырды.

Форум қорытындысы бойынша Жас діни лидерлердің бірлескен үндеуі атты қорытынды құжат жарияланды. Онда бейбітшілік, толеранттылық және өзара түсіністік қағидаттарына негізделген халықаралық диалогтың жаңа месседждері ұсынылып, одан әрі бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары айқындалды.

Сонымен қатар, іс-шара аясында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съездерінің діни материалдарының электрондық кітапханасы таныстырылды.