Қаз
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXIII отырысы туралы ақпарат

2026 жылғы 7 қазанда Астанада Қазақстан Республикасының Вице-Президенті, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы Ерлан Қариннің төрағалығымен Хатшылықтың XXIV отырысы өтті. Іс-шараға 20 елден діни бірлестіктер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатарынан 30-дан астам адам қатысты.

Отырыста VIII Съезд бастамаларын іске асыру, сондай-ақ жасанды интеллектінің этикасы, климаттың өзгеруі және жазылмайтын ауруға шалдыққан балалардың құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған үш құжат қаралды.

VIII Съезд қорытындысы бойынша қабылданған «2025 жылғы Астана бейбітшілік декларациясының» ережелерін іске асыру мақсатында әзірленген «Дін саласында жасанды интеллектіні қолданудың этикалық кодексі» ЖИ қолдану кезінде адамның қадір-қасиеті мен ар-ождан бостандығын құрметтеу, діни институттар мен діндарлардың жауапкершілігін қамтамасыз ету қағидаттарын айқындайды. «Климаттың өзгеруіне қарсы күресте діндердің рөлі» құжаты діни қауымдардың тіршілік әлемін сақтауға қатысуына, экологиялық және ұрпақтар алдындағы жауапкершілікке, сондай-ақ ең осал топтармен ынтымақтастық танытуға арналған.

Отырыс барысында Қазақстан мен Қасиетті Тақтың бірлескен бастамасы «Жазылмайтын дертке шалдыққан баланың құқықтары жөніндегі хартия» да таныстырылды. Құжатта жазылмайтын ауруға шалдыққан балалардың құқықтары мен қадір-қасиетін қорғау, медициналық және психологиялық көмек көрсету, отбасын қолдау, сондай-ақ баланың рухани және дүниетанымдық қажеттіліктерін ескеру мәселелері қамтылған.

Ерлан Қарин өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаһандық бейбітшілік қозғалысын құру жөніндегі бастамасының маңызын атап өтіп, өзара түсіністікті нығайтудағы діни лидерлер мен рухани дипломатияның рөліне тоқталды. Осыған байланысты серіктестермен бірлесіп қозғалыстың тұжырымдамалық негіздерін және оны халықаралық деңгейде ілгерілету жөніндегі алдағы қадамдарды пысықтау ұсынылды.

Отырыс қорытындысы бойынша Хатшылықтың XXIV отырысының хаттамасы, «Дін саласында жасанды интеллектіні қолданудың этикалық кодексі» және «Климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі діндердің рөлі» құжаты қабылданды.

Алдағы жұмыс діни ұйымдармен, сарапшылар қауымдастығымен және өзге де халықаралық серіктестермен бірлесе отырып, қабылданған құжаттарды және отырыс қатысушылары қолдаған «Жазылмайтын дертке шалдыққан баланың құқықтары жөніндегі хартиясы» бастамасын БҰҰ алаңдарында, сондай-ақ климат пен технология мәселелеріне арналған халықаралық форумдарда ілгерілетуге бағытталады.

Съезд Хатшылығының XXIII отырысына қатысушылардың ұсыныстарын ескере отырып, мынадай шешімдер қабылданды:

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXIV отырысының хаттамасы бекітілсін.

«Дін саласында жасанды интеллектіні қолданудың этикалық кодексі» және «Климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі діндердің рөлі» құжаттары қабылдансын.

Қазақстан мен Қасиетті Тақтың бірлескен бастамасы «Жазылмайтын дертке шалдыққан баланың құқықтары жөніндегі хартиясын» одан әрі ілгерілету қолдау тапсын.