VI Съезд

ӘЛЕМДІК ЖӘНЕ ДӘСТҮРЛІ ДІНДЕР ЛИДЕРЛЕРІНІҢ VI
СЪЕЗІНІҢ ДЕКЛАРАЦИЯСЫ

 2018 жылғы 11 қазан

Біз, VI съездің қатысушылары – барша адамзаттың гүлденуі жолында бейбітшілікке, келісімге және жасампаз ынтымақтастыққа бірыңғай ұмтылыспен біріккен әлемдік және дәстүрлі діндердің өкілдері, мемлекет басшылары, халықаралық ұйымдардың басшылары,

Қазақстан Республикасының Президенті, Жоғары Мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаев мырзаға біздің халықтарымыз бен мемлекеттеріміз арасындағы бейбітшілік пен келісімге, диалог пен қауіпсіздікке қол жеткізу үдерісіне теңдессіз үлесі үшін шексіз ризашылығымыз бен алғысымызды білдіре отырып,

барша Қазақстан халқына және оның Үкіметіне олардың кішіпейілділігі мен қонақжайлылығына өзіміздің шексіз қошеметіміз бен құрметімізді куәландыра отырып,

болашақ ұрпақ үшін жанжалсыз келешек құру жолында өркениеттер мен діндер арасындағы бітімгерлік диалогты дамыту мен алға жылжытудағы Қазақстан Республикасының бірегей үлесін мойындай отырып,

өркениетаралық және дінаралық диалогты дамыту мен нығайту үшін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің іргелі рөлін бірегей жаһандық платформа ретінде қошеметтей отырып,

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бес Съезінің нәтижесі бойынша айтылған алдыңғы Мәлімдемелердің рухына адал бола отырып,

планетамыздың діни және мәдени әралуандығын адамзат өркениетінің ұлы мұрасы ретінде сақтаудың маңыздылығын растай отырып,

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің диалог пен позитивті гуманистік құндылықтарды насихаттау арқылы халықтар мен мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруін ілгерілетуге мүдделі мемлекеттік және қоғамдық институттармен ынтымақтастығының маңыздылығын атап көрсете отырып,

мемлекеттер, қоғам және халықтар арасындағы бейбітшілік пен өзара түсіністік идеяларын ілгерілету мен насихаттау саласындағы үкіметтердің, сондай-ақ үкіметтік және үкіметтік емес, ұлттық және халықаралық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының айрықша рөлін белгілей отырып,

әлемдік өркениеттің әмбебап тірегі болатын көпконфессиялық қоғамның бейбіт қатар өмір сүруі мен өзара іс-қимылының бірегей тарихи үлгілеріне сүйене отырып,

діни, этностық, мәдени және лингвистикалық айырмашылық негізіндегі шеттетуді, төзімсіздікті, кемсітушілікті, жанжалдарды және қайшылықтарды еңсеру жолындағы ынтымақтастықтың рухани бағдарынан таймаудың маңыздылығына айрықша мән бере отырып,

игі істердің, қайырымдылыққа қызмет етудің, бейбітшілік пен әділдік идеяларына берілгендіктің халықтар мен мемлекеттерге әскери текетірестерге қарағанда әлдеқайда көп пайда әкелуі мүмкін екенін түсіне отырып,

планетаның түрлі өңірлеріндегі әскери жанжалдар мен нақақ қантөгістерді шұғыл реттеуге және түбегейлі шешуге бағытталған саяси лидерлердің жігерін қолдай отырып,

халықаралық террористік ұйымдар тарапынан жалғасып отырған дөрекі, жүйелі және адам құқықтарына жаппай нұқсан келтіру мен халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын бұзуды және/немесе түрлі діндерге сенушілер арасындағы және сол бір сенімге нанушылар арасындағы өзара сенім мен өзара іс-қимылды бұзатын терроризмге қолдау көрсетуді барынша қатаң түрде сынға ала отырып,

дінді саяси жанжалдарда әртүрлі теріс пайдаланудан, өзімшілдік пен төзімсіздік білдіруден, агрессияшыл ұлтшылдықтан және ерекшеленуге ұмтылудан бас тарта отырып,

шетелдік жауынгер-террористердің оралу және орын ауыстыру проблемаларын барлық мемлекеттердің халықаралық терроризммен және діни экстремизммен күресіндегі келесі жаһандық қатер ретінде ескере отырып,

жоғары этика нормаларының үстемдік құруына, ұмтылыстарымыздың ортақтығына, тұрақтылық, барлық адамдардың саламаттылығы, қауіпсіздігі мақсатында өзара сенім мен өзара құрмет көрсетуге бейілділікті растай отырып

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің Қазақстан Республикасының елордасы Астана қаласында шақырылуын жалғастыру ниетін қолдай отырып,

 МЫНАЛАРҒА:

1.әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ұзақ мерзімді тұрақтылыққа қол жеткізу және өшпенділік пен төзбеушіліктен туындайтын зорлық-зомбылық оқиғаларын болғызбау жөніндегі аса белсенді күш-жігер салуға тартылуына барынша жәрдемдесуге.

2. әлемдегі қауіпсіздікті толық форматты қамтамасыз етуге бағытталған өмірлік маңызы бар ұсынымдар мен бағдарламаларды табысты жүзеге асыру үшін негізгі идея ретінде діни лидерлердің халықаралық институттармен, үкіметтермен және қоғамдық институттармен ынтымақтастығын нығайтуға,

3. нәсіліне, дініне, нанымына, тіліне және жынысына қарамастан, барлық қоғамдар мен халықтарға бейбіт өмірге ажырамас құқықты иеленуге барынша жәрдемдесуге.

4. нәсілдік, тілдік, діни, ұлттық, этностық немесе әлеуметтік шығу тегіне, мүліктік, жіктік немесе өзге де жағдайына қарамастан, барлық азаматтардың тең құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге және
бір-бірімізбен бауырластық рухындағы қарым-қатынаста болуға.

5. халықаралық қоғамдастықтың әділ және тартыссыз әлемдік ахуалды құру жөніндегі қызметінің негізгі әрі ажырамас бағыттарының бірі ретінде дінаралық және конфессияаралық диалогты нығайту саласындағы күш-жігерді тану жөніндегі бастамаларды қолдауға.

6. экстремистер мен террористер тарапынан құқықтарына шектеу қойылған және зорлық-зомбылыққа ұшыраған барлық діни топтар мен этностық қауымдарға ниеттестік білдіруге.

7. босқындарды, олардың құқықтары мен ар-намысын қорғауға бағытталған күш-жігерге қолдау көрсетуге, сондай-ақ оларға барлық қажетті көмекті көрсетуге.

8. саяси қайраткерлерді және әлемдік БАҚ-ты терроризмді дінмен теңдестіру практикасын тоқтатуға шақыруға, өйткені бұл идеялар біздің діндеріміздің болмысына және олардың бейбіт қатар өмір сүруіне зиян келтіреді, бір ғана дінге және әртүрлі діндерге ерушілер арасындағы өзара сенім мен өзара іс-қимылға залал келтіреді.

9. әлемдік қоғамдастықтың прогрессивті бөлігінің қоғамды діни, нәсілдік не этностық қағидаттар бойынша бөлу әрекеттерінің жолын кесу жөніндегі күш-жігерін қолдауға.

10. діни лидерлерді БАҚ-та, әлеуметтік желілерде және қоғамдық жиналыстарда бейбітшілік, өзара түсіністік және толеранттық құндылықтарын ілгерілетуге шақыруға, сондай-ақ барлық діндер үшін қасиетті жерлерде арандатушылықтарды және зорлық-зомбылықты болғызбау жөніндегі барлық күш-жігерді салуға.

11. барлық діндердің құлшылық ету орындарында және қасиетті жерлерде, оның ішінде барлық авраамдық діндер өкілдері үшін қасиетті жер саналатын Иерусалимде арандатуларды және зорлық-зомбылықты болдырмау үшін бүкіл күш-жігерді салуға.

12. өркениетаралық дінаралық және мәдениетаралық диалогты әділ, бейбіт әрі жауапты азаматтық қоғамды құрудың ең жақсы тәсілі ретінде қарастыратын бастамалар мен институттарды ілгерілетуге.

13.  Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің бейбітшілік пен келісім жолындағы жаһандық өзара іс-қимыл процесіне қосқан айрықша үлесін танудың белгісі ретінде «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығын» құруды қолдауға.

14.  террористік және экстремистік ұйымдардың идеологияларын тарату үшін негіз ретінде діни ілімдерді бөлшектеуді және діни құндылықтарды диффамациялауды теріске шығаруға.

15.  әлем құрылысының, әртүрлі діндерді ұстанушылар арасындағы өзара түсіністікті нығайтудың, әлемдік және дәстүрлі діндер арасында болып тұратын шиеленістерді шешудің дәстүрлерін көтермелеуге және оларды
іс жүзінде қолдануға.

16.  өз дініміздің өкілдері арасында барлық конфессия өкілдерімен бейбіт қатар өмір сүрудің қажеттілігі мен маңыздылығы туралы идеяны ілгерілетуге.

17.  оңалту және дерадикализациялау бағдарламалары шеңберінде
өз елдеріне қайта оралған шетелдік содыр террористерге қатысты тиімді шаралар әзірлеуге жәрдемдесуге және қатысуға.

18.  ұлттық, діни және халықаралық деңгейлерде дінаралық диалогты, өзара құрметпен қарауды және үйлесімді нығайта түсуге ықпал етуге.

19.  адам мен адамның қатар өмір сүруінің ең маңызды негізі ретінде әртүрлі өркениеттер мен діндердің жақындасуына ықпал етуге.

20.  мемлекеттерге және саяси лидерлерге діни экстремизмнің және халықаралық терроризмнің туындауының қайнар көздері мен негізгі себептерін талдауда және зерттеуде жәрдем көрсетуге.

21.  жастардың радикализмге бет бұруын болғызбау мақсатында үкіметтерді олармен жұмыс жүргізуді жандандыруға шақыруға.

22.  беделді діни лидерлердің сөздері ғана «дін пікірі» ретінде қабылданатындай позицияны анық ұстануға. 

23.  Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезін 2021 жылы Қазақстан Республикасы, Астана қаласында өткізуге

ӘЗІР ЕКЕНДІГІМІЗ ЖӨНІНДЕ МӘЛІМДЕЙМІЗ.

Біз барша адал ниеті мен сенімі бар адамдарды осындай күрделі кезеңде бірігуге және ғаламшарымызда бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етуге
өзінің жауапкершілік үлесін қосуға шақырамыз.

Қазақстан Республикасы
Астана қ.
2018 жылғы 11 қазан