ЖАС ДІНИ ЛИДЕРЛЕРДІҢ
БІРІНШІ ФОРУМЫНА ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ
БІРЛЕСКЕН ҮНДЕУІ
Біз, 2024 жылғы 9 қазанда Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің аясында өткен Жас діни лидерлердің бірінші форумына қатысушылары, әлемнің 32 мемлекетінің өкілдері, олардың ішінде:
Әзербайжан Республикасы, Мысыр Араб Республикасы, Ватикан, Ұлыбритания, Израиль мемлекеті, Жапония мемлекеті, Иран Ислам Республикасы, Пәкістан Ислам Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Сауд Арабия Корольдігі, Таиланд Корольдігі, Біріккен Араб Әмірліктері, Бенин Республикасы, Үндістан Республикасы, Ресей Федерациясы, Америка Құрама Штаттары, Түркия Республикасы, Швейцария Конфедерациясы және Қазақстан Республикасы,
2015 жылғы 25 қыркүйектегі Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының «Біздің әлемді қайта құру: 2030 жылға дейінгі тұрақты дамудың күн тәртібі туралы» 70/1 қарарына сілтеме жасай отырып, мұндағы жастар өзгерістердің қозғаушы күші ретінде танылады және тұрақты даму мақсаттары жастар қызметінің барлық аспектілеріне қолданылатын жан-жақты және бөлінбейтін сипатқа ие екенін мойындайды,
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-ның болашақ саммиті аясында халықаралық диалог пен барлық пікірлерді, құштарлықты және инклюзивтілікті есепке алу қағидаттарына негізделген бірлескен іс-қимылдардың маңыздылығы туралы әлемдік қоғамдастыққа үндеуін құптай отырып,
қазіргі заманның прогрессивті өзгерістерінің қайнар көзі ретінде жастардың инновациялық әлеуетін және оның бейбіт және толерантты әлемдік тәртіпті құруға қатысуының маңыздылығын түсіне отырып,
өзара түсіністік пен бірлікті нығайту мүддесінде түрлі діни дәстүрлер өкілдері арасындағы ашық диалогтың маңыздылығын атап көрсете отырып,
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің шешімдеріне сондай-ақ оның 2033 жылға дейінгі даму тұжырымдамасының ережелеріне (2023 жылғы 11 қазандағы) сүйене отырып, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен орталықтардың басшылары Съездің қызметіне жастардың кең ауқымын тарту арқылы дінаралық, мәдениетаралық және этносаралық диалогтың сабақтастығына мүдделі,
Әлемдік қоғамдастыққа, әлемдік және дәстүрлі діндердің лидерлеріне, мемлекеттер мен үкіметтердің басшыларына үндеу жолдаймыз:
жастарға бейбітшілікке, өзара түсіністік пен ынтымақтастыққа ықпал ететін идеяларды ұсыну және жүзеге асыру үшін платформалар беру арқылы жастардың дауысын тыңдау және қолдау;
діни лидерлер арасындағы дінаралық диалог пен серіктестікті нығайтуға бағытталған жастар бастамаларын көтермелеу;
бейбітшілік, толеранттылық және ынтымақтастық мәдениетін ілгерілетуде жас көшбасшыларға қолдау көрсету;
дінаралық келісім және мәдениетаралық өзара іс-қимыл саласында жастарға білім беру үшін мүмкіндіктер жасау;
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының қолдауымен жастарға қажетті құзыреттерге ие болуға мүмкіндік беретін бағдарламаларды және еріктілердің іс-шараларын әзірлеуді және іске асыруды қолдау;
кедейлік, климаттың өзгеруі, әлеуметтік теңсіздік, кемсітушілік, білім беруге және денсаулық сақтауға тең емес қол жетімділік сияқты жаһандық сын-қатерлерді шешуде халықаралық қолдау көрсету кезінде жастардың рөлі мен әлеуетін ескеру.
Біз, Форумның жұмысы барысында айтылған пікірталастар мен пікірлерге негізделген, ашықтық, диалог, ақпараттық науқандар және жұртшылықты тарту арқылы жан-жалдардың және олардың салдарын азайтуға бағытталған нақты қадамдар жасауға ұмтыламыз,
біз жастардың сындарлы, креативті және өзгерту күшіне сенеміз,
аға буынның диалогты, толеранттылық және әртүрлілікке құрмет көрсету мәдениетін қалыптастыру жөніндегі миссиясын жалғастырудағы маңызды рөлін түсінеміз,
біздің тәлімгерлеріміздің ұлы мұрасы ретінде біздің халықтың рухани және мәдени дәстүрлерін, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау және одан әрі арттыру үшін жауапкершілікті өз мойнымызға аламыз,
біздің білімімізді, күш-қуатымыз бен ресурстарымызды өзара сыйластық пен келісім, мейірімділік пен жанашырлық, өзара түсіністік пен ынтымақтастығы басым әлемді құру үшін бағыттауға дайынбыз,
баршаңызды диалог мәдениетін қалыптастыру және әртүрлілікке құрмет көрсету ісіне қосылуға және этникалық, діни және мәдени қатыстылығына қарамастан, ортақ болашақты толеранттылық қағидаттарына бірлесіп құруға шақырамыз.
Біз, Қазақстан Республикасына және Президент мырза – жоғары мәртебелі Қасым-Жомарт Тоқаевқа, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің Хатшылығына Жас діни лидерлерінің форумын өткізу бастамасы үшін алғысымызды білдіреміз,
2025 жылы Астана қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі аясында Жас діни лидерлерінің екінші форумын шақыру туралы шешімін қолдаймыз.
Біз, жас көшбасшылар, күш-жігерімізді біріктіре отырып, барлық ізгі ниетті адамдарды өзара сыйластыққа, әділеттілікке және ынтымақтастыққа негізделген әлем құруға қосылуға шақырамыз!
Біз бар қиындықтарды бірге жеңе аламыз және барлығына жақсы болашақ жасай аламыз деп сенеміз!
Қазақстан Республикасы,
Астана қаласы,
2024 жылғы 9 қазан