Қаз
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXIII отырысы туралы ақпарат

2025 жылғы 16 қыркүйекте Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының ХХIII отырысы өтті. VIII Съезд қарсаңында түрлі діндер мен конфессиялардың өкілдері алдағы іс-шараға дайындық барысын, оның ішінде негізгі тақырыптарды, халықаралық бастамаларды және жаңа Ізгі ниет елшілерін сайлау мәселелерін талқылады. Өзінің құттықтау сөзінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Съезд Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Съездің диалогты, өзара түсіністікті және бейбіт қатар өмір сүруді ілгерілетуге арналған бірегей жаһандық алаң ретіндегі маңызды рөлін атап өтті.

Отырыс барысында VIII Съезд аясында өтетін алдағы іс-шараларға, оның ішінде Діни нысандарды қорғау жөніндегі арнайы сессияға, Діни лидерлердің II жастар форумына, сараптамалық дөңгелек үстелге және секциялық отырыстарға ерекше назар аударылды. Мәулен Әшімбаев дінаралық диалогтың үздіксіз үдеріс екенін, оның тек идеялар мен ұсыныстарды ғана емес, сонымен қатар оларды бірлескен халықаралық жобалар арқылы практикалық тұрғыда жүзеге асыруды талап ететінін атап өтті. Қатысушылар жаһандық сын-қатерлер жағдайында рухани дипломатияның өзектілігін атап көрсете отырып, әріптестікті одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін білдірді.

Профессор, доктор Мұхаммад Зия уль-Хақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің Қазақстанның шынайы символына айналғанын және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бейбітшілік, келісім, төзімділік пен түрлі дін өкілдері арасындағы өзара құрметті ілгерілетуге деген ұстанымының айғағы болғанын атап өтті.

Сондай-ақ, Лоран Базанез Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің диалог, бейбітшілік және өзара түсіністік үшін маңызды халықаралық алаңға айналғанын және бұл бастаманы Қасиетті Тақтың тұрақты түрде қолдап келе жатқанына тоқтады.

Съезд Хатшылығының басшысы Кавказ мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Шейх-уль-Ислам Аллахшүкір Паша-Задені құттықтай отырып, Кавказ мұсылмандары діни басқармасының Съезд мақсаттарына қол жеткізуге көрсетіп келе жатқан көпжылдық қолдауы мен қосқан елеулі үлесі үшін алғысын білдірді.  

Отырыс қорытындысы бойынша Хатшылықтың ХХIII отырысының Хаттамасы қабылданып, сондай-ақ «2025 жылғы Астана бейбітшілік декларациясы» деп аталған VIII Съезд Декларациясының ережелері талқыланды. 

Съезд Хатшылығының ХХIII отырысына қатысушылардың ұсыныстарын ескере отырып, мынадай шешімдер қабылданды:

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезінің күн тәртібі бекітілсін.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің Ізгі ниет елшілері болып төмендегі тұлғалар сайлансын. Олар:

  • Антоний – Волоколамск митрополиті, Мәскеу Патриархатының Сыртқы шіркеулік байланыстар бөлімі төрағасы (Ресей).
  • Мұхаммед Зия уль-Хақ – Исламабад халықаралық ислам университеті Исламды зерттеу институтының бас директоры (Пәкістан).
  • Афра Әл Сабри – Толеранттылық және бейбіт қатар өмір сүру министрлігінің бас директоры (БАӘ).
  • Михаэль Хюбнер – Мартин Лютер атындағы Евангелиялық-лютерандық одақтың Бас хатшысы (Германия).
  • Булат Сәрсенбаев – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету жөніндегі уәкіл (Қазақстан).