Жаңалықтар

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінің қорытынды декларациясы қандай болды?

Бөлісу

2022 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінің жұмысының қорытындысы 2023-2033 жылдарға арналған декларацияны қабылдаумен нәтижеленді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тұжырымдама идеяларын негіздеуде жаһандық қауіп-қатерлерді шешудегі және жаһандық қауіпсіздікті нығайтудағы түрлі салалар өкілдерінің ынтымақтастығының негізгі тұстары, әлемді дамытудың негізгі құралы ретінде диалогтың маңыздылығы басты назарға алынды. Осыған қатысты Дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Айнұр Құрманалиева пікір білдірді.

Қазіргі уақытта адамзаттың өзекті мәселелерін шешуге бағдарланған көптеген ұйымдар мен форумдар бар, алайда басты тұлғалар, қозғаушы күші ретінде діни көшбасшылар болған бұл Съезд әлемдегі бірінші алаң. Мұндай алаңның қажеттілігі терроризм, дінді саяси және жеке мақсатта пайдалану, рухани-адамгершілік құндылықтардың құлдырауы, діни қайшылықтардан туындаған қақтығыстар және т.б. сияқты жаңа сын-қатерлерге жауап табуға талпыныстан туындады.

Соңғы уақытта геосаяси шиеленіс күшейіп, саяси көшбасшылар зорлық-зомбылық әдістерін жиі қолдануда. Дүние жүзінде қарулы қақтығыстардан зардап шеккен осал аймақтардың саны артып, соның салдарынан көмекке мұқтаж босқындар саны да артып келеді. Терроризм мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр, лаңкестік әрекеттер әлемнің әртүрлі бөлігінде орын алуда. Жыл сайын жағдай күрделене түскендіктен, жаһандық жүйе көтере алмай жатқан мәселелер легі артуда. Моральдық және рухани құндылықтардың құлдырауы, техникалық прогресс пен экономикалық өсу дәуірінің қарқынды дамуына байланысты тұтынатын қоғамды қалыптастырды. Рухани өсуге ұмтылатын адамдар саны азайып, материалдық мүддені көздейтін көпшілік артты. Жаңа технологияның дамуының жағымды жақтарымен қатар, адамдардың санасына әсер етіп, адамгершілік құндылықтардан алшақтататып жатқан жағымсыз жағы да жоқ емес. Осы орайда аталған мәселелердің шешімін табуда бірлесе жұмыс жасау мақсатымен қауымдастықтардың құрылуы болжамды қадам. Сол игі бастамалардың бірі біздің елдің әлемдік қауымдастыққа ұсынғаны Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің үлкен жиынын үш жылда бір өткізу болған еді. Дегенмен Съездің бір өзі және жалғыз бір ғана мемлекет осы проблемалардың барлығын жеке шеше алмайды. Мұндай келелі жұмысқа саясаткерлердің, халықаралық ұйымдардың, рухани көшбасшылар мен мемлекеттердің бірлескен күш-жігері, қажырлы еңбегі қажет. Бейбіт диалогты, төзімділікті, өзара құрмет пен ынтымақтастықты ынталандыру ауадай қажет. Тек осы жағдайда ғана жарқын болашақтың игілігі үшін алға қойған мақсаттарға қол жеткізу мүмкіндігі пайда болады.

Съездің басталған уақытынан бергі жеті форумда Съезд әлемдік аренада үлкен беделге ие болды, Съезд өзін көрнекті саясаткерлер, рухани көшбасшылар мен халықаралық ұйымдар жұмыс істейтін форум ретінде көрсетті. Съезд диалогтың маңыздылығын ілгерілетуде елеулі табыстарға қол жеткізді. Съезд өз жұмысы барысында форумға қатысушылар арасында сенім қалыптастырды және болашақта жаһандық мақсаттарға қол жеткізуге ықпал ететін рухани көшбасшылар арасындағы қарым-қатынастарға оңтайлы жағдайы жасады. Съездің негізгі мақсаттарының бірі – мемлекетаралық қарым-қатынасты жақсарту және геосаяси шиеленісті азайтуға үлесі зор. Съезд қоғамдағы тұрақтылықты нығайту мақсатында конфессияаралық қатынастарды дамытып, толеранттылық идеяларын ілгерілетуді жалғастырырып келеді. Рухани көшбасшылардың саяси көшбасшылар мен адамзатты адамгершілік принциптерін қабылдауға ынталандырудағы рөліне басымдылық беріліп келеді. Осы жиырма жылдық тарихта белгілі бір тәжірибе жинақталып, қабылданған Декларацияға негіз болды. Тұжырымдамаға сәйкес съездердің алдағы жұмысы жаһандық қауіпсіздікті нығайту мақсатында діни көшбасшылар, саясаткерлер және халықаралық ұйымдар арасындағы диалогты нығайту, жалпыадамзаттық құндылықтарды ілгерілету және халықтың рухани өсуін бірізді дамытуды көздейді. Тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтаудың негізгі факторы ретінде толеранттылық идеясын насихаттауды басты өлшем ретінде ұстанады.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі жаһандық проблемаларды шешу бойынша жұмысты жалғастырады. Әлеуметтік теңсіздікті жою, халықтың бай және кедей жіктерінің арасындағы алшақтықты қысқарту мақсатында лаңкестікке қарсы іс-қимылды жалғастырып, дінді саяси мақсаттарда пайдалануды қысқартуға ықпал ететін болады. Съезд жұмысы қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге, күш қолданбауға және келіссөздер үстеліне отыруға жәрдемдесу болмақ. Түрлі ұлт, нәсіл, дін өкілдері арасында сыйластық қарым-қатынасты сақтау, терроризммен күрес қана емес, сонымен қатар адамдардың діни сезімдерін манипуляциялауды тоқтату, осы орайда бұған ықпал ететін факторлардың бірі – қоғамдағы діни сауаттылықты арттыру, азаматтар деструктивті көзқарастарды діни көзқарастардан айыра алатындай деңгейді қалыптастырып, соны ұстап тұру, қоғамды радикалды көзқарастар мен ағымдардан сақтау, алдағы онжылдықта Съездің дінаралық және мәдениетаралық диалогты ілгерілетуде, жаһандық проблемаларды шешу бойынша жұмыста және ынтымақтастық үшін басқа халықаралық ұйымдармен байланыстарды нығайту жолында қызмет етуі жоспарланып, сол мақсатқа жету жолдары Декларацияда кеңінен көрініс берген.

Декларацияда Съездің даму кезеңдері жүйеленіп, алғашқы жиырма жылдықты (2003-2023) дінаралық диалогтың қалыптасуы мен дамуы ретінде сипатталса, алдағы он жылдықта (2023 – 2033 жж.) «адамзаттың ең өзекті мәселелерін шешуге жәрдемдесу үшін діни лидерлердің күш-жігерін біріктіру» мақсаты көзделген.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің 2023 – 2033 жылдардағы стратегиялық жоспарына сай, үш негізгі бағыттың аясы бекітілген, біріншіден, дінаралық форумдарды өзекті жаһандық трендтер мен сын-қатерлерді ескере отырып дайындау және өткізу, екіншіден, қазіргі әлемнің жаһандық проблемаларын шешуге жәрдемдесу, үшіншіден, рухани дипломатияны дамыту. Рухани дипломатия Съездің халықаралық деңгейдегі ұйымдармен серіктестігін нығайту форматында қалыптастырып, жетілдіріп отыру негізінде құрылмақ. Рухани дипломатия шеңберінде диалогқа қатысушылар географиясы кеңейтіліп, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтылатыны жаһандық сындарды еңсерудің рухани-ізгіліктік сахнасы болады деп күтілетін болады.

Осы ретте Съезд өз жұмысында Біріккен Ұлттар ұйымының (БҰҰ), Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің (ЭКОСОС), БҰҰ Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымының (ЮНЕСКО), Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ), Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ), Азиядағы өзара ісқимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК), Араб мемлекеттері лигасының, Дүниежүзілік ислам лигасының, Ислам ынтымақтастық ұйымының (ИЫҰ), Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Ислам әлемі ұйымының (ИСЕСКО), Дүниежүзілік шіркеулер кеңесі, Православие парламентаралық ассамблеясы, Дүниежүзілік буддистер қауымдастығы, Король Абдалла ибн Абдель Азиз атындағы Дінаралық және мәдениетаралық диалог халықаралық орталығы және Съездің миссиясы мен мақсаттарын қолдайтын басқа да беделді халықаралық ұйымдармен бірлестікте жұмыс жасап, осы ұйымдардың мақсаты мен міндеттерінің контексінде жұмыс жасауда белсенділік танытады.

Бұл бағыттағы жұмыстар тиімділігін арттыру мақсатында БҰҰ Өркениеттер Альянсының, «Бейбітшілікке арналған діндер», Дүниежүзілік ислам лигасы, әл-Азхар ал-Шариф, Мұсылман ақсақалдарының кеңесі, Хамада Королінің Жаһандық бейбіт қатар өмір сүру орталығы, Дохадағы Халықаралық дінаралық диалог орталығы, Діни және дәстүрлі бітімгерлер желісінің Хатшылығы, Король Абдалла ибн Әбдел Әзиз атындағы Халықаралық дінаралық және 18 мәдениетаралық диалог орталығының әлеуетін тиімді жұмсау көзделген. Дінтану саласындағы зерттеушілерге осы контексте жасалатын жұмыстар мен Съезд жұмысына тартылатын халықаралық ұйымдар туралы, бұл ұйымдардың күн тәртібіне Съезд декларациясының мәселелерінің енгізілуі мен орындалу механизмдерін сараптау тың тақырып болатынына назар аударғымыз келеді. Осы орайда даулар мен қақтығыстарды бейбіт жолмен шешудің медиациялық рәсімдерін зерттеу өз алдына маңызды деп санаймыз. Алдағы уақытта Декларацияда көрсетілгендей, Съездер бағдарламасына Жас діни лидерлер форумын қосу туралы идеялар тың бастама болып табылады. Съезге жас рухани қайраткерлер мен зайырлы жастардың қатысуын жоспарлау жаңа идеялар мен Съезд жұмысына серпін береді деп күтілуде.

Декларацияда ғылыми бастамалар мен Съезд арқылы рухани көшбасшылардың қоғамға ықпал ету механизмдерін кеңейту жолдарына басымдық берілген. Бұл ақпараттық ағарту іс-шаралары негізінде жүзеге асырылмақ, атап айтсақ, Съезд материалдарының электрондық кітапханасын қамтитын халықаралық рухани білім онлайн-орталығы құрылу жоспарланған. Бұл орталықтар Съезге тікелей қатысты деректі фильмдер, подкасттар, кітаптар, альбомдар және басқа да медиа-өнімдер жинақталады деп күтілуде. Бұл зерттеушілер үшін негізгі дерекнамалық база болады деген ойдамыз. Жас ғалымдар, осы салаға қызығушылық білдіретін зерттеушілер үшін өзіндік ерекше платформа болады деген сенімдеміз.

Сонымен қатар Съезд құрылымдарының оқу орындарымен, зерттеу орталықтарымен, ғалымдармен және сарапшылармен, оның ішінде БҰҰ-ның «Академиялық ортамен өзара іс-қимыл» (ЮНАИ) бағытымен серіктес болуға ұмтылысы құптарлық, бұл арқылы дінаралық және этносаралық қатынастар саласындағы зерттеулерге басымдылық беріліп, перспективалық зерттеу салалары анықталатын болады және жоспарланып отырған діни диалог тақырыбын зерттеушілерге арналған Дінаралық ынтымақтастық жөніндегі стипендиялар бағдарламасы арқылы осы саладағы жобалар мен зерттеулерге қолдау көрсету де ғылыми ашылымдарға жол салады.

Қолдаулар жүйесіндегі Дінаралық диалогқа қосқан үлесі үшін Астана халықаралық сыйлығы және Съездің Құрмет медалі дінаралық диалог қызметін жетілдіре түсу игі ісін жандандыра түсетіні анық, сонымен қатар Съезге қатысушылардың шешімімен тағайындалатын «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің Ізгі ниет елшілері» Рухани дипломатия маңыздылығын арттыра түседі. Декларацияда қозғалған, көтерілген осы секілді тың ойларға мақала шеңберінде назар аударылып, акцент жасауға тырыстық (негізгі материалдар ретінде «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының материалдары пайдаланылды: https://religions-congress.org/). Көтерілген қандай бастама болмасын, басты мүдде әлемдегі тыныштық, бейбіт өмір, әртүрлілілікті сақтай отырып, біртұтастықты қамтамасыз ету!

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, «рухани көшбасшылар, саяси және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ ізгі ниетті адамдар бейбітшілік үшін жаһандық қозғалыс шеңберінде бірігіп, халықаралық қауіпсіздіктің жаңа берік жүйесін қалыптастыруға және адамзат алдында тұрған өзекті саяси, әлеуметтік-экономикалық, экологиялық және өзге де сын-қатерлерді тиімді шешуге ықпал ету үшін бірге әрекет етуі тиіс». Осы ретте ізгілік жасауды әрбір адам жеке басынан бастау қажеттігін үнемі есінде ұстаса, жаһандық сын-қатерлерді еңсеретініміз анық!

https://baq.kz/alemdik-zhane-dasturli-dinder-liderlerinin-vii-sezinin-qorytyndy-deklaratsiyasy-qanday-boldy-341015/