Астана, 2025 жылғы 19 қараша
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Баку халықаралық мультикультурализм орталығымен бірлесіп «Жасанды интеллект және мәдени әртүрлілік: ортақ этиканы іздеу» атты халықаралық онлайн дөңгелек үстел өткізді. Кездесу әртүрлі діни дәстүрлердің өкілдерін, мемлекеттік органдарды, ғылыми қауымдастық пен технология саласының сарапшыларын біріктіріп, жасанды интеллект адамға қызмет етуі үшін қандай болуы керектігі туралы ой-пікір алмасатын мазмұнды алаңға айналды.
Қатысушылар цифрлық технологиялардың қоғамның рухани өміріне әсері, алгоритмдердің негізіне қандай құндылықтар енгізілуі тиіс екені және бүгінгі күні ЖИ аясында мәдениет, әділет және ізгілік туралы сөз қозғаудың маңыздылығы жөнінде пікір алмасты.
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Басқарма төрайымы Гүлсана Қожабай жиынды технология дамуын адам қадір-қасиеті тұрғысынан қарастыруға шақырумен ашты. Ол қарқынды өзгерістер дәуірінде рухани дәстүрлер тұрақтылықты сақтауға және болашақ этикасының дұрыс бағытын айқындауға көмектесетінін атап өтті. Оның айтуынша, жасанды интеллект пен дін тақырыбы көпқабатты болғандықтан, оны бірнеше деңгейде қарастыру қажет. Атап айтқанда, үш өлшемді бөліп көрсетуге болады:
рухани – технологиялардың адам мен құндылықтарға ықпалы талқыланатын деңгей;
практикалық – діни институттардың ЖИ-ды күнделікті қызметінде құрал ретінде пайдалануы;
этикалық – ЖИ-ды жауапты түрде қолданудың нормалары мен қағидалары көтерілетін деңгей.
Баку халықаралық мультикультурализм орталығының директоры Раван Гасанов бұл ойды қолдай отырып, ғылыми прогресс пен моральдық жауапкершіліктің үйлесімі ғана жасанды интеллектіні қауіпсіз енгізудің жалғыз жолы екенін атап өтті.
Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Максат Раманкулов Қазақстанның ЖИ дамуына арналған этикалық және құқықтық негіз қалыптастыру бағытындағы күш-жігеріне тоқталды. Ол Қазақстан Республикасының «Жасанды интеллект туралы» жаңа Заңының қағидаттары мен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінің шешімдері технологияларды жауапты қолданудың маңызды платформасын қалыптастыратынын атап өтті.
ҚМДБ Аппаратының басшысы Ғылымбек Мәжиев ҚМДБ жүйесінде енгізілген цифрлық жобалар туралы баяндады: eQurban онлайн-платформасы, Qajy Guide қосымшасы, MuftyatBot Telegram-боты және Islam Quiz оқыту ойыны. Ерекше қызығушылық тудырған жоба – діни сараптамаға негізделген жаңа ЖИ-құрал, ол азаматтарға тексерілген әрі нақты жауаптар беретін болады. Мәжиев цифрландыру тек технология ғана емес, сонымен қатар мәдени өзгеріс екенін және оның рухани құндылықтармен қатар дамуы қажет екенін атап өтті.
Орталық Азия бойынша Мұсылман ақсақалдары кеңесінің аймақтық кеңсесінің директоры Мохамед Эламин Кеңестің жасанды интеллектке қатысты мәдениетаралық тәсілді дамытуға бағытталған халықаралық бастамалары жайлы айтты. Ол технологиялар халықтар арасындағы сенімді нығайтуға қызмет етуі керек екенін, жаңа алшақтықтарды туындатпауы тиіс екенін атап өтті.
Астана қаласының Діндерді зерттеу орталығы мониторинг бөлімінің басшысы Олег Синяков әрбір діни дәстүрде ізгілік пен әділет ұғымдарының түрлі түсіндірмелері болғанымен, барлығы бір нәрседе келісетінін айтты: зиян келтірмеу, адал әрі әділетті әрекет ету және жақыныңа қамқор болу. Оның пікірінше, дәл осы ортақ құндылықтар болашақ ЖИ этикасының негізіне айнала алады.
Әл-Азхар мен Ватикан арасындағы ЖИ Хартиясы жұмыс тобының мүшесі, доктор Айман Абдельмомен «Этикалық сенім индексі» тұжырымдамасын таныстырды. Бұл стандарт ЖИ жасаған діни контенттің сенімділік деңгейін бағалауға мүмкіндік береді. Ол діни қауымдастықтардың ережелерді қалыптастыруға белсенді қатысуы қажет екенін, өйткені технологиялар сенім мен руханиятты қабылдауға тікелей әсер етіп отырғанын айтты.
Халықаралық Өркениеттер альянсы орталығының атқарушы директоры Иван Иванов «Құндылықтар демократиясы ма, әлде деректер диктатурасы ма?» атты баяндамасында ЖИ-ды тек құрал емес, қоғамның құрылымын өзгерте алатын фактор ретінде қарастыруға шақырды. Ол мәдени жады, рухани даналық және әртүрлілікке құрмет технологиялардың дамуына кіріктірілуі тиіс екенін атап өтті.
Кездесуде католиктік көзқарас та ұсынылды. Қазақстандағы Рим-католик шіркеуінің өкілі, Орал қаласындағы Мәңгілік Жәрдем Құдай Анасы приходының настоятелі Лукаш Немец цифрлық трансформация діни қауымдастық ішіндегі коммуникация тәсілдерін өзгертетінін, бірақ ол жеке қатынасты, жылы адами байланысты және ортақ дұғаны алмастыра алмайтынын айтты. Оның айтуынша, цифрлық құралдар қауымдастықты жақындастырған кезде ғана пайдалы, ал рухани өмір әрқашан кез келген технологиядан терең.
Әл-Азхар өкілі Зайнаб Сиддик жасанды интеллекттің сенім саласына ықпалы артып келе жатқанын еске салып, оны қолдануға деген жауапкершілік те күшейіп отырғанын айтты. Ол ЖИ этикасына қатысты Рим үндеуі сияқты халықаралық бастамалардың маңыздылығын атап өтіп, діни қауымдастықтарды жаһандық күн тәртібін қалыптастыруға белсенді қатысуға шақырды.
Қарқынды бағдарламаға қарамастан, кездесу мазмұнды, әсерлі және нәтижелі өтті. Қатысушылар пікір алмасуды жалғастырып, ЖИ этикасына қатысты ұсынымдар әзірлейтін арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды.
Жиын қорытындысы бойынша бір маңызды тұжырым жасауға болады: барлық діндер жасанды интеллектіні тек көмекші технологиялық құрал ретінде қабылдайды, одан артық емес. Қазақстандағы Евангелиялық-лютеран шіркеуінің Епископы, Дүниежүзілік лютеран федерациясының өкілі Ростислав Новгородов атап өткендей, храмдар мен мешіттер, құлшылық орындары шынайы күйінде қалуы керек, онда адамдар өз жандарымен және Жаратушымен тілдесе алады.
Дөңгелек үстелдің барлық материалдары, соның ішінде презентациялар, сараптамалық пікірлер және кеңейтілген қорытындылар Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының тоқсан сайынғы журналында жарияланатын болады.
Бұл іс-шара Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтудағы тағы бір маңызды қадамға айналып, мәдениет пен діндер диалогының цифрлық дәуір үшін әмбебап этиканы іздеудегі негізгі құрал болып қала беретінін көрсетті.