Қаз
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы

Жаңалықтар

Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы «Рухани дәстүрлер үндері» атты көрме жобасын ұсынды

Бөлісу

Астана, 2026 жылғы 6 мамыр

Бейбітшілік және келісім сарайы алаңында Қазақстан халқының бірлігі күні аясында Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы ұйымдастырған «Рухани дәстүрлер үндері» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға діни конфессия өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері, қоғам және мәдениет қайраткерлері, сондай-ақ студент жастар қатысып, рухани құндылықтарды, конфессияаралық келісім мен этносаралық бірлікті ілгерілету алаңына айналды.

Құттықтау сөз сөйлегендер қатарында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Максат Раманкулов, Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Басқарма төрағасының орынбасары Татьяна Липина, сондай-ақ Астанадағы Қасиетті Мария Архиепархиясының архиепископ-митрополиті Томаш Пэта болды. Олар рухани дәстүрлерді сақтаудың, өзара құрмет мәдениетін нығайтудың және конфессияаралық диалогты дамытудың Қазақстандағы қоғамдық келісімнің маңызды негізі екенін атап өтті.

Көрме аясында Қазақстан халықтарының бай тарихи мұрасы мен рухани әралуандығын бейнелейтін бірегей экспонаттар, өнер туындылары мен артефактілер ұсынылды. Ресми рәсімнен кейін қонақтар толеранттылық, гуманизм және түрлі мәдениеттер мен діндердің бейбіт қатар өмір сүруі құндылықтарына басымдық берілген экспозициямен танысты.