Қаз
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы
Жаңалықтар
дейін

Халықаралық орталық пен Ұлттық волонтерлік желі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

2026 жылғы 19 қазанда Астана қаласында Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы мен «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа Халықаралық орталықтың Басқарма Төрағасы Гүлсана Қожабай мен Ұлттық волонтерлік желінің атқарушы директоры Татьяна Миронюк қол қойды.

Меморандумға қол қою Қазақстанның бастамасымен және БҰҰ-ның қолдауымен жарияланған Халықаралық волонтерлер жылы аясында гуманистік бастамаларды дамытуға бағытталған. Құжат бірлескен волонтерлік және жастар бастамаларын дамыту, халықаралық іс-шаралар өткізу, әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру, сондай-ақ халықаралық форумдар мен конференцияларды ұйымдастыруға қолдау көрсетуді көздейді.

Тараптар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі мен оның институттары аясындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударады. «Ұлттық волонтерлік желі» бірлестігінің волонтерлері еліміздегі маңызды халықаралық бітімгерлік іс-шараларды, оның ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін ұйымдастыруға қолдау көрсету бойынша мол тәжірибеге ие.

Атап айтқанда, волонтерлер Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXIV отырысының жұмысына қатысты. Аталған отырыста 2025 жылғы Астана бейбітшілік декларациясының ережелерін дамыту мақсатында әзірленген үш стратегиялық құжат қаралды: «Діндердің климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі рөлі», «Дін саласындағы жасанды интеллектті қолданудың этикалық кодексі», «Жазылмайтын дертке шалдыққан баланың құқықтары жөніндегі хартия».

Меморандумға қол қою волонтерлік мәдениетті дамытуға, мәдениетаралық және дінаралық өзара түсіністікті нығайтуға, сондай-ақ жастардың қоғамдық маңызы бар бастамаларға қатысуын кеңейтуге бағытталған практикалық ынтымақтастықтың негізін қалайды.