Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Ислам және адал қоғам» атты кітаптың таныстырылымы және «Қазақ хандығы дәуіріндегі ислам өркениеті» атты республикалық ғылыми-танымдық конференциясы өтті.
Аталған шараларға Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының Басқарма Төрағасы Гүлсана Қожабай және Діни ахуалды талдау және мониторинг департаментінің директоры Асқар Кенжеев қатысты.
Таныстырылым ашылуында ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жаңа еңбектің мақсаты мен мазмұнына тоқталып, кітап оқудың тұлғалық және қоғамдық дамудағы маңызы жайлы айтты.
Шараға танымал қоғам қайраткерлері, ғалымдар, дін саласының қызметкерлері мен сарапшылар қатысып, сөз сөйледі. Олар «Ислам және адал қоғам» кітабында қазіргі қоғам үшін маңызды адамгершілік құндылықтар - адалдық, әділдік, жауапкершілік, отбасы құндылықтары, еңбекқорлық және қоғамға пайда келтіру мәселелері Құран Кәрім мен Мұхаммед пайғамбар өмір-тарихы негізінде қозғалып, баяндалғанын атап өтті.
Сонымен қатар «Қазақ хандығы дәуіріндегі ислам өркениеті» тақырыбында өткен республикалық ғылыми-танымдық конференцияда қазақ даласындағы исламның таралу тарихы, Қазақ хандығы кезеңіндегі діни және мәдени үдерістер, түркі-мұсылмандық дәстүрлер мен рухани мұра мәселелері талқыланды.
Конференцияда баяндама жасаған танымал тарихшы ғалымдар өз зерттеулеріне сүйене отырып, қазақ тарихының түрлі кезеңдерімен байланысты тың әрі қызықты деректерімен бөлісті. Мәселен әйгілі қазақ хандарының мемлекеттік заңдарды қалыптастырудағы ұстанымдары, жаугершілік замандарда көрші елдермен, хандықтармен арада жасаған түрлі келісімдері, қабылдаған маңызды шешімдері туралы оқиғаларға тоқталды. Сондай-ақ ислам дінінің көшпелі халықтың тұрмыс-тіршілігімен, дәстүрлі мәдениетімен біте қайнасып кеткендігін дәлелдейтін дәйекті мысалдар келтірді.
Іс-шара барысында рухани құндылықтар мен тарихи сананың сабақтастығы, қазақ халқының мәдени-діни мұралары, сонымен қатар
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының өкілдері аталған іс-шаралар аясында қоғамдық, діни және ғылыми қауымдастық өкілдерімен пікір алмасып, тарихи-мәдени мұраларды зерделеу, рухани құндылықтарды дәріптеу, қоғамда сыйластық, түсіністік пен құрметті нығайту мәселелеріне қатысты талқылаулар жасады.