2025 жылғы 15–18 қараша аралығында Тегеран және Шираз қалаларында иранистика бойынша Халықаралық форум өтті. Бұл – ирантану саласындағы жетекші ғалымдар мен сарапшыларды әлемнің түкпір-түкпірінен жинаған ірі ғылыми-мәдени шара болды. Форумның басты ұйымдастырушылары – Иранистика қоры, Парсы тілі мен әдебиеті академиясы, Иранның мәдени мұра және туризм министрлігі. Иранның Ислам мәдениеті және байланыстары ұйымы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің серіктесі әрі қатысушысы болып табылады.
Форумның негізгі мақсаты – ирантанушылар, иранистика орталықтары мен осы салада жұмыс істейтін зерттеушілер арасындағы ынтымақтастық пен өзара әрекеттестікті кеңейту және нығайту болды.
Форум бағдарламасы өте мазмұнды болды: салтанатты ашылу рәсімі, пленарлық және секциялық отырыстар, панельдік пікірталастар, Персепольге, Хафиз бен Саади кесенелеріне ұйымдастырылған мәдени бағдарлама өткізілді.
Секциялық отырыстар Тегеранның төрт жоғары оқу орнында өтіп, «Глобализация жағдайындағы жаһандық Иран», «Иранистика, мәдени дипломатия және халықаралық ынтымақтастық», «Иранистиканың теориялық және эпистемологиялық негіздері», «Хафизтану және иранистика» сияқты тақырыптарға арналды.
Форум жұмысына Армения, Бангладеш, Болгария, Грекия, Грузия, Үндістан, Индонезия, Ирак, Қазақстан, Қытай, Малайзия, Оман, Пәкістан, Ресей, Сербия, Тәжікстан, Түркия және Өзбекстан секілді көптеген елдерден 50-ден астам сарапшы мен ғылыми-зерттеу қауымдастығының өкілдері қатысты. Халықаралық конфессияаралық және өркениетаралық диалог орталығынан Съезд бастамаларын іске асыру департаментінің бас консультанты Мадина Абишева қатысты. Қазақстандық өкілдің қатысуы Қазақстан мен Иран арасындағы мәдениет, ғылым және өркениетаралық диалог салаларындағы ынтымақтастықтың нығая түскенін айқын көрсетті.
Форум барысында халықаралық әріптестік, ғылыми тәжірибе алмасу және зерттеу орталықтары арасындағы өзара байланыс мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл Форум ғылыми жетістіктермен алмасуға, заманауи мәселелерді талқылауға және жаңа академиялық байланыстар орнатуға мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды.