Қаз
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы
Жаңалықтар
дейін

Қазақстан мен Израиль дінаралық ынтымақтастықтың практикалық бағыттарын талқылады

2026 жылғы 16 қарашада Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Қазақстан Республикасының Израиль Мемлекетіндегі Елшілігінің қолдауымен «Дінаралық ынтымақтастық: диалогтан әрекетке» атты халықаралық дөңгелек үстел өткізді.

Бұл іс-шара Қазақстан мен Израильдің діни қауымдастықтарының, дінаралық ұйымдары мен сарапшылар қоғамдастығының өкілдерін біріктірген осындай форматтағы алғашқы бірлескен алаңдардың біріне айналды.

Талқылауға Қазақстанның Израильдегі Елшісі Дәулет Ембердиев, Халықаралық орталықтың Басқарма Төрайымы Гүлсана Қожабай, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Раманқұлов, ислам, иудаизм, христиандық және бахаи сенімінің өкілдері, сондай-ақ екі елдің ғалымдары мен сарапшылары қатысты.

Кездесудің басты тақырыбы — тәжірибе алмасудан дінаралық диалог, білім беру, гуманитарлық ынтымақтастық, экология және жасанды интеллектті жауапкершілікпен пайдалану салаларындағы нақты бірлескен бастамаларға көшу болды.

Кездесуді ашқан Қазақстан Елшісі Дәулет Ембердиев күрделі халықаралық ахуалға назар аударып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жуырдағы Жолдауынан қазіргі халықаралық қатынастардағы белгісіздік пен болжамсыздық жағдайлардың артып келе жатқаны туралы сөзін келтірді. Дипломат осындай жағдайда сенімді нығайту мен діни қауымдастықтар арасындағы өзара әрекеттестік ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

Халықаралық орталықтың Басқарма Төрағасы Гүлсана Қожабай дөңгелек үстел 2026 жылғы маусымда Иерусалим конфессияаралық орталығымен басталған диалогтың жалғасы болғанын және екі елдің діни әрі сарапшылық қауымдастықтары арасындағы тікелей байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік ашқанын атап өтті.

Ол дінаралық келісімнің қазақстандық тәжірибесі тек халықаралық бастамаларға ғана емес, сонымен қатар әртүрлі мәдениеттер мен дін өкілдерінің күнделікті бейбіт қатар өмір сүруіне негізделгенін баса айтты. Бұл тәжірибе 2003 жылдан бері Астанада түрлі діни дәстүрлердің өкілдерін біріктіріп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі қызметінің негізінде жатыр.

2026 жылғы 7 қазанда Қазақстанның Вице-Президенті Ерлан Қариннің төрағалығымен өткен Съезд Хатшылығының XXIV отырысының шешімдерін практикалық тұрғыда іске асыру мәселесіне ерекше назар аударылды.

Атап айтқанда, екі құжат таныстырылды: «Дін саласындағы жасанды интеллектті қолданудың этикалық кодексі» және «Діндердің климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі рөлі». Гуманитарлық күн тәртібін Қасиетті Тақпен ынтымақтастықта әзірленген «Жазылмайтын дертке шалдыққан баланың құқықтары жөніндегі хартия» толықтырды.

Қазақстан тарапы израильдік әріптестеріне осы үш бастаманы бірлесіп ілгерілету мүмкіндіктерін қарастыруды, оның ішінде Израильдің бейінді ғылыми, технологиялық, экологиялық және медициналық ұйымдарымен байланыс орнату арқылы жұмыс істеуді ұсынды.

Дінаралық келісімнің қазақстандық тәжірибесі тақырыбын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі Нұрлан имам Асанов жалғастырды. Ол бейбіт қатар өмір сүру мәдениеті әртүрлі халықтар мен дәстүрлердің өзара әрекеттестігінің арқасында ұрпақтан-ұрпаққа жетіп қалыптасқанын атап өтті.

«Адамдар бір-бірін танымайтын жерде күдік пен жатсыну пайда болады. Ал қарым-қатынас пен ашық диалог бар жерде олардың орнын өзара құрмет пен сенім басады», — деп атап көрсетті ол.

Осы ойды өрбіте отырып, Иерусалим конфессияаралық орталығының президенті, раввин Яков Наген дінаралық диалогты тек төзімділіктің көрінісі ретінде ғана емес, айырмашылықтарға құрметті сақтай отырып, бір-бірінен үйрену мүмкіндігі ретінде қарастыруды ұсынды. «Қазақстан дінаралық диалогты бейбітшілікке қосқан өз үлесінің бір бөлігіне айналдырды. Бұл — баға жетпес сый», — деді раввин.

Мұндай өзара әрекеттестіктің практикалық пішіндерін Рим-Католик Қарағанды епархиясының епископы Петр Пытлованы атап өтті. Оның ұсыныстарының қатарында қарт адамдарға, мүгедектігі бар тұлғалар мен ауыр науқастарға көмек көрсету үшін конфессияаралық волонтерлік топтар құру, бірлескен экологиялық акциялар ұйымдастыру және «Қазақстан діндерінің ашық есік апталығын» өткізу бар. Епископтың айтуынша, дінаралық диалог нақты әлеуметтік және гуманитарлық жұмыста — «қызмет ету арқылы диалогта» жалғасын табуы тиіс.

Ғылыми және білім беру саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Юлия Шаповал атап өтті. Ол екі елдің университеттері мен сараптамалық орталықтарының бірлескен зерттеулерін дамытуды, соның ішінде Қожа Ахмет Ясауи мен Әл-Фараби мұрасын дінаралық өзара іс-қимыл контекстінде зерделеуді ұсынды. Білім беру бағдарламаларына мәдениетаралық диалог қағидаттарын енгізуге ерекше назар аударылды.

Халықаралық қатынастар жөніндегі Араб кеңесінің Бас директоры Халед Халифа: «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі сияқты алаң өзге елдерге өнеге бола алады. Қазақстанның дінаралық диалог саласындағы тәжірибесін колледждер мен университеттерде оқыту қажет, сонда басқа мемлекеттер мен қоғамдар оны үлгі ретінде қабылдап, бейбіт қатар өмір сүру мәдениетін дамыта алады», — деп атап өтті.

Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар тікелей байланыстарды жалғастыруға, бірлескен гуманитарлық, білім беру және сараптамалық жобаларды дамытуға, сондай-ақ діни қауымдастықтардың практикалық өзара әрекеттестігіне қызығушылық танытты. Алдағы қадамдар қатарында серіктес ұйымдармен өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қою мүмкіндігі қарастырылуда.

Дөңгелек үстел Қазақстан мен Израильдің діни және сарапшылық қауымдастықтары арасындағы нақты бастамалар мен өзара сенімді нығайтуға бағытталған анағұрлым жүйелі ынтымақтастыққа жасалған алғашқы қадам болды.