2026 жылғы 13 сәуірде Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының Басқарма Төрағасы Гүлсана Қожабайдың Аргентинадағы Мұсылман Ахмадия Қауымдастығының өкілі, имам Марван Сарвар Гиллмен және Бейбітшілік университетінің ректоры Франсиско Рохас Аравенамен онлайн-кездесуі өтті.
Талқылауға сондай-ақ Орталық қызметкерлері – Басқарма Төрағасының орынбасары Марат Калижанов, салалық департамент директоры Гүлдана Молдаш және Сыртқы байланыстар және ақпараттық жұмыс департаментінің бас консультанты Жансерік Темірташев қатысты.
Кездесу барысында негізгі назар конфессияаралық диалогтың жинақталған әлеуетін жаһандық күн тәртібіне нақты ықпал ету тетіктеріне қалай айналдыруға болатынына аударылды. Бейбітшілік университетінің ректоры «бейбітшілік жолындағы діндер үніне» сұраныс жоғары болғанымен, мұндай диалогтың тұрақты форматтарын қалыптастыру оңай емес екенін және жүйелі тәсіл мен серіктестікті талап ететінін атап өтті.
Осы тұрғыда Гүлсана Қожабай, сараптамалық форматтардан, бірлескен бастамалар және діни мәселелер шеңберінен шығатын тақырыптар бойынша шешімдерді әзірлеу арқылы практикалық өзара іс-қимылға көшу керектігін атап айтты.
Кездесуге қатысушылар бүгінгі таңда ынтымақтастықтың ең үлкен әлеуеті жасанды интеллектіні дамытудағы этикалық тәсілдерді қалыптастыруда, климаттық сын-қатерлер контекстіндегі діннің рөлінде, сондай-ақ қақтығыстар мен дағдарыстарды шешуге жәрдемдесуде екеніне келісті.
Кездесуде өзара іс-қимылды институционализациялау қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Тараптар серіктестікті бекітіп, ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа негіз болатын Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою мүмкіндігін қарастыруға дайын екендерін білдірді.
Диалогтың практикалық жалғасы ретінде бірлескен іс-шаралар сериясын іске қосу жоспарлануда. Атап айтқанда, діни көшбасшылар, академиялық қауымдастық және халықаралық ұйымдар қатысатын сараптамалық дөңгелек үстелдер мен пікірталас алаңдарын өткізу қарастырылуда. Оларды онлайн форматта да, халықаралық алаңдарда, соның ішінде еуропалық диалог орталықтарында ұйымдастыру мүмкіндігі талқылануда, әрі қарай кең ауқымды көпжақты бастамаларға шығу көзделуде.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жақын арада нақты қадамдар мен өзара іс-қимыл форматтарын келісуге көшетін болып уағдаласты.