12 ақпанда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезінің мақсаттары мен міндеттерін насихаттау аясында Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тыңдаушылары үшін дәріс ұйымдастырды.
Дәріскер ретінде Орталықтың Сыртқы байланыстар және ақпараттық жұмыс департаментінің бас консультанты Мәдина Әбішева сөз сөйледі. Іс-шараға университеттің 13 факультетінің студенттері, сондай-ақ профессор-оқытушылар құрамының өкілдері қатысты.
М.Әбішева тыңдаушыларға ақпарат беру мақсатында 20 жылдам астам тарихы бар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезінің құрылу тарихы, хронологиясы мен қатысушылары, тақырыптары мен бастамалары институттары мен қорытынды құжаттары, сонымен қатар 2023 жылы қабылданған Съездің онжылдық Тұжырымдамасы жайлы маңызды тақырыптарға тоқталды. Дәріс барысында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезіне қатысты бейнебаян көрсетіліп, Астана бейбітшілік Декларациясы 2025 мазмұны бойынша түсініктеме берілді.
Декларация қатысты М.Әбішева Съезге қатысушылар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бейбітшілік пен әділдікті орнықтыру мақсатында ізгі ниетті жандардың күшін біріктіруге бағытталған бейбітшілік жолындағы жаңа жаһандық қозғалыс құру туралы үндеуін толық қолдайтынын және Қазақстан Республикасының мәдениетаралық және дінаралық диалогтың беделді жаһандық орталығы ретінде мойындайтындығы жазылғанын жеткізді. Сонымен қатар, бұл тарихи маңызы бар құжатта саяси және қоғамдық өмірдегі әйелдердің әлеуетін арттыру, түрлі мәдениеттер мен діндер арасындағы түсіністікті нығайтудағы жастардың маңызды орны, болашақ ұрпақ алдындағы парыз ретінде қоршаған ортаны қорғау, климаттық апаттардың алдын алу шара қолдану қажеттілігі жайлы айтылды. Одан өзге, жасанды интеллект адамзатқа зиян келтірмей, тек оның қадір-қасиетін құрметтеуге қызмет етуі тиіс екендігіне жеке тоқтала келе, Декларацияда рухани-адамгершілік құндылықтарға негізделген жасанды интеллектті пайдаланудың әмбебап қағидаттарын жасау ұсынысы жайлы айтылды. Лектор VIII Съез аясында өткізілген іс-шараларға тоқтала келе құжатта көрініс тапқан,
әлемдегі діни нысандарды, қасиетті орындарды қиратудан қорғаудың, радикализм мен экстремизмге қарсы күрестің басты құралы ретінде діни ағартушылық пен білім берудің, барлық адамзатқа қауіп төндіретін ядролық қарудан бас тартудың маңыздылығын атап өтті.
Дәріс соңында М.Әбішева Астана бейбітшілік Декларациясы 2025 маңызды құжат ретінде Съездің он тіліне аударылғанын және БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясының ресми құжаты ретінде Қазақстанның шетелдегі мекемелері арқылы Съез Серіктестеріне таратылғандығы жайлы қорытынды жасады.