Толеранттылық, бейбіт қатар өмір сүру және өзара түсіністік құндылықтарын нығайтуға бағытталған халықаралық қызмет аясында Толеранттылық және бейбітшілік бойынша жаһандық кеңестің Президенті Ахмед бен Мохаммед Әл-Жаруан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің Құрмет медалімен марапатталды.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен тағайындалған бұл награданы Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Рауан Жұмабек Шарджа қаласында өткен ресми кездесу барысында табыс етті. Бұл марапат Ахмед бен Мохаммед Әл-Джарванның діндер, мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы диалогты дамытуға қосқан елеулі үлесін айқындайды.
Кездесу барысында Жаһандық кеңестің бейбітшілікті нығайту, экстремизм мен өшпенділік тіліне қарсы іс-қимыл жасау, сондай-ақ өркениетаралық сындарлы диалогты ілгерілету саласындағы халықаралық бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған қызметі ерекше атап өтілді. Кеңестің жұмысы жаһандық деңгейде өзара құрмет, инклюзивтілік пен ынтымақтастық мәдениетін қалыптастыруға маңызды үлес қосуда.
Көрсетілген құрмет үшін алғысын білдіре отырып, Жаһандық кеңестің Президенті бұл марапат толеранттылық пен бейбітшілік құндылықтарын нығайту жолындағы күш-жігерді одан әрі кеңейтуге, сондай-ақ жалпыадамзаттық құндылықтар жолында халықаралық ынтымақтастықты дамытуға зор ынталандыру екенін атап өтті.
Сондай-ақ кездесу барысында Қазақстан Республикасының дінаралық және мәдениетаралық диалогты ілгерілетудегі стратегиялық рөлі ерекше атап өтілді. Қазақстанның бастамалары Астананы әлемнің түкпір-түкпірінен келген діни, зияткерлік және қоғамдық көшбасшылар арасындағы диалог пен өзара түсіністік үшін беделді жаһандық алаң ретінде танытқаны айтылды.