2025 жылғы 12–14 қараша күндері Маңғыстау облысы Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен дінтану сараптамасы, ақпараттық қауіпсіздік және жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелеріне арналған семинар-тренинг өткізілді. Іс-шараға түрлі мемлекеттік органдардың өкілдері, теологтар, сарапшылар және ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері қатысты.
Семинарда діни мазмұндағы ақпаратты талдау, қауіпті контентті анықтау, интернет кеңістігіндегі деструктивті материалдардан қорғау жолдары және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктері кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар жасанды интеллекттің діни контентті сараптаудағы мүмкіндіктері, оның тиімділігі мен болашақтағы қолдану перспективалары талқыланды.
Аталған семинарға спикер ретінде Орталықтың Дінтану сараптамасы департаментінің директоры Эльмира Бірәлі қатысты. Ол өз сөзінде дінтану сараптамасының қоғамдағы рөліне тоқталып, келесі маңызды ойларды жеткізді:
«Дінтану сараптамасы тек ғылыми талдау құралы ғана емес, сонымен қатар қоғамдық тұрақтылықты, рухани қауіпсіздікті және жеке тұлғаның үйлесімді дамуын қамтамасыз ететін маңызды механизм» екенін атап өтті.
Сондай-ақ, «Дінтану сараптамасы діни мазмұндағы құжаттар мен материалдардың заңнама талаптарына сәйкестігін айқындауға бағытталып, діни сенім бостандығы мен қоғамдық қауіпсіздік арасындағы теңгерімді сақтауға мүмкіндік береді» деген ойын айтты.
Семинар қатысушылары тәжірибе алмасып, қауіпті діни контенттің белгілерін, оны анықтаудың заманауи әдістерін және сараптамалық жұмыстың құқықтық негіздерін талқылады. Қатысушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған бұл шара ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ортақ түсінікті қалыптастыруға ықпал етті.