Қаз
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы

Жаңалықтар

Сенат Төрағасы АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының мүшесімен кездесті

Бөлісу

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасының мүшесі Кэрол Миллермен кездесті.

Мәулен Әшімбаев кездесу барысында АҚШ-пен стратегиялық қатынастарды дамыту Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі басымдығының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол екі мемлекет арасында тұрақты саяси диалог, оның ішінде жоғары деңгейде жолға қойылғанын жеткізді.

Сенат Төрағасы екі елдің парламентаралық ынтымақтастығын нығайту мәселесіне де тоқталды. Сұхбат барысында сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты, энергетика, тау-кен өнеркәсібі және өзара мүдделі басқа да салаларды одан әрі дамыту барысындағы парламентшілердің рөлі талқыланды.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға назар аударды. Палата Спикері еліміздің саяси жүйесін демократияландыру мәселелері мен адам құқықтарын қорғау, гендерлік теңдік жүйесін нығайту, билік тармақтары, сондай-ақ, орталық пен өңірлер арасындағы өкілеттіктер мен жауапкершіліктің тепе-теңдігін қамтамасыз ету жөніндегі жаңа бастамаларға жан-жақты тоқталып, жүргізіліп жатқан өзгерістердің стратегиялық сипаты туралы айтты.

Сенат Төрағасы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің қызметі жөнінде де айтып, АҚШ-тың дін лидерлерін 2025 жылғы 17-18 қыркүйекте «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбымен Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезіне қатысуға шақырды.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Н.Байбулин)