2023 жылдың 19 қыркүйегінде Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының басқарма төрағасы Болат Сәрсенбаев Қазақстан Республикасындағы Үндістан елшісі доктор Т.В. Нагендра Прасадпен және Үндістанның Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің Свами Вивекананда мәдени орталығының директоры Санджай Ведимен кездесті.
Кездесу барысында Болат Сәрсенбаев Орталықтың қызметі және діни толеранттылық пен өркениетаралық диалогты нығайтуда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезінің рөлі туралы айтып, Съезд діндер мен конфессиялар арасындағы өзара құрметке қол жеткізу бойынша әлемдік қоғамдастықтағы бірегей диалог алаңы болып табылатынын атап өтті.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Съезд Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаевтың басшылығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXI отырысын өткізуге дайындық жүргізіліп жатқандығын жеткізді.
Орталық басқарма төрағасы Үндістан елшісін Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық қызметтің басталуымен құттықтап, алдағы жұмысына табыс тіледі. Тараптар конфессияаралық және мәдениетаралық диалог саласындағы одан әрі ынтымақтастық туралы уағдаласты.
Кездесу соңында доктор Т. В. Нагендра Прасад Бейбітшілік және келісім мұражайының қорына «Үнді мифологиясының Үнді құдайлары бейнеленген ағаш панель» экспонатын сыйға тартты.