БҰҰ Өркениеттер альянсының арнайы сессиясы
БҰҰ ӨРКЕНИЕТТЕР АЛЬЯНСЫНЫҢ ҚОЛДАУЫМЕН ДІНИ ОБЪЕКТІЛЕРДІ ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ АРНАЙЫ СЕССИЯ
Жалпы ақпарат
2025 жылғы 16 қыркүйекте Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезі аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының Өркениеттер альянсының (UNAOC) қолдауымен діни объектілерді қорғау жөніндегі арнайы сессия өтті.
Сессия діни объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, діни төзімсіздікке қарсы іс-қимыл және осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне арналды. Іс-шараға әлемнің түрлі елдерінен діни көшбасшылар, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық корпустың өкілдері және сарапшылар қауымдастығы қатысты.
Алғышарттары мен мақсаттары
Халықаралық шиеленістің, қарулы қақтығыстардың және діни төзімсіздік көріністерінің күшеюі жағдайында діни объектілер қауіп-қатерге, вандализм актілеріне және қасақана шабуылдарға уақыт өткен сайын жиі ұшырауда. Мұндай объектілерді қорғау дін және наным-сенім бостандығын қамтамасыз етудің, мәдени және рухани мұраны сақтаудың, сондай-ақ халықтар арасындағы бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайтудың маңызды шарты болып табылады.
Сессия аясында 2019 жылы БҰҰ Бас хатшысы бастамашылық еткен «Қауіпсіз және бейбіт түрде құлшылық ету үшін бірлік пен ынтымақтастықта» атты БҰҰ-ның діни объектілерді қорғау жөніндегі Іс-қимыл жоспарын іске асыруға ерекше назар аударылды. Аталған құжат діни рәсімдер өткізілетін орындарды қорғауға жәрдемдесуге және әртүрлі діндер мен наным-сенім өкілдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Сессияның негізгі мақсаты діни объектілерді қорғаудың практикалық тәсілдерін талқылау, қауіп-қатерлердің алдын алудағы діни көшбасшылар мен мемлекеттік институттардың рөлін айқындау, сондай-ақ халықаралық ұйымдар, мемлекеттер және діни қауымдастықтар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту болды.
Қатысушылар және сессияның өту барысы
Сессияға әлемнің түрлі елдерінен ислам, христиандық, иудаизм, буддизм, даосизм және басқа да діни дәстүрлердің өкілдері болып табылатын діни көшбасшылар, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Іс-шара Азия, Еуропа, Таяу Шығыс, Африка және Америка елдерінің өкілдерін біріктіріп, діни объектілерді қорғау және конфессияаралық өзара іс-қимылды нығайту мәселелері бойынша пікір және тәжірибе алмасуға арналған алаңға айналды.
Бұл шара аясында БҰҰ-ның діни объектілерді қорғау жөніндегі Іс-қимыл жоспарын іске асыру барысы таныстырылды. Одан кейінгі пікірталас барысында діни көшбасшылардың, мемлекеттік қайраткерлердің және халықаралық ұйымдар өкілдерінің түрлі көзқарастары ұсынылды.
Талқылаудың негізгі тақырыбында діни ғимараттардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі мемлекеттер мен діни қауымдастықтардың жауапкершілігі, конфессияаралық және мәдениетаралық диалогты дамыту, төзімсіздік көріністеріне қарсы іс-қимыл, сондай-ақ діни объектілерді қорғау саласындағы тәжірибе мен тиімді практикалармен алмасу мәселелері болды.