Ү.ж. 24 шілде күні Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Б.Сәрсенбаев Мажарстан Премьер-Министрі Кеңсесінің шіркеу және этникалық қауымдастықтармен байланыстар жөніндегі Мемлекеттік хатшысы Миклош Шолтес мырзамен кездесті.
Сонымен қатар, кездесуге Мажарстан Премьер-Министрі Кеңсесінің Саяси кеңесшісі Пал Теглаши, Мажарстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рона Отто Иван және Мажарстанның Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің Бірінші хатшысы Нитрай Золтан қатысты.
Кездесудің мақсаты - ынтымақтастықты нығайту, конфессияаралық және дінаралық қатынастарды дамытудың маңызды аспектілерін талқылау.
Кездесу барысында тараптар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі идеяларын, оның әлемдік және дәстүрлі діндердің көшбасшылары, саясаткерлер, халықаралық ұйымдардың басшылары қол қойған қорытынды құжаты – Декларацияны ілгерілету жайлы міндеттерді талқылады.
Сонымен қатар, Орталық Басқарма Төрағасы Б.Сәрсенбаев Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың жетекшілігімен 2023 жылдың қазан айында Астана қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер Лидерлері Съезінің XXI мерейтойлық хатшылығына дайындық барысын баяндады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар конфессияаралық келісім мәселелері бойынша одан әрі ынтымақтастық туралы келісті.