2023 жылғы 19 шілдеде Астана қаласы әкімінің орынбасары Е.Байкен төрағалығымен қоғамда дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру мақсатында Дін істері басқармасымен дайындаған кітаптардың тұсау кесері өтті.
Іс-шара аясында қатысушылардың назарына елордада ресми қызмет ететін діни бірлестіктердің шығу тарихы мен олардың қазіргі таңдағы қызметі, діни ғибадат ғимараттары жайында жазылған «Елорданың діни нысандары» атты энциклопедиясы таныстырылды.
Аталған кітап Астана қаласындағы діни бірлестіктердің тарихы мен культтік тәжірибесі туралы баяндалған ең алғашқы бірігей еңбек болып табылады.
Тұсаукесерге Астана қаласы мәслихатының төрағасы Е.Каналимов, ҚР АҚДМ Дін істері комитетінің Төрағасы Е.Нүкежанов, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев Орталығының Басқарма Төрағасы Б. Сәрсенбаев, елордалық діни бірлестіктердің басшылары, ғылыми-сараптамалық қоғамдастық өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік органдардың қызметшілері қатысты.
Б.Сәрсенбаев өз сөзінде ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, сондай-ақ «кітаптар мемлекеттік органдар мамандары мен ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтың жұмысына, әсіресе жастарға жақсы көмек болып, халықтың діни сауаттылығын арттыруға септігін тигізетінін» атап өтті.
Сонымен қатар, Б.Сәрсенбаев Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың басшылығымен 2023 жылғы 10-11 қазанда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің XXI мерейтойлық Хатшылығының отырысын өткізуге дайындық жүргізіліп жатқанын атап өтті.