26 сәуір күні Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев Түркия Республикасында (Ыстамбул қ.) жұмыс сапары аясында Доха халықаралық дінаралық диалог орталығының төрағасы Ибрагим Салех әл-Наимимен кездесті.
Б. Сәрсенбаев Ибрагим Салех Әл-Наимиге Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің жұмысына белсенді қатысқаны үшін, сондай-ақ Доха халықаралық дінаралық диалог орталығына конфессияаралық диалогты ілгерілету жөніндегі қазақстандық бастамаларды қолдағаны үшін алғыс айтты.
Кездесу барысында тараптар диалог алаңының - Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезінің бірегейлігін, сонымен қатар, оның қорытынды құжаты - рухани иерархтар қабылдаған Декларацияның ерекше рөлін атап өтті.
Орталықтың Басқарма Төрағасы VII Съездің идеялары мен оның Декларациясын халықаралық ақпараттық және зияткерлік күн тәртібінде белсенді әрі дәйекті ілгерілетуге бағытталған Орталықтың қызметі туралы айтып берді. Сонымен қатар, Орталық тұрақты негізде Әлемдегі діни ахуалдың жай-күйі мен даму динамикасын, Қазақстандағы діни ахуалдың негізгі мәселелері мен даму үрдістерін талдауды, сондай-ақ Дінтану сараптамасын және дін саласындағы өзекті тақырыптарды зерттеуді жүргізеді.
Тараптар конфессияаралық қатынастарды нығайтуға және сындарлы диалогты дамытуға жәрдемдесу қажеттігі туралы айтты.