Жаңалықтар

Н. Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Мажарстанның Қазақстандағы елшісі Отто Иван Ронамен кездесті

Бөлісу

Ү.ж. 24 тамызда Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаевтың Мажарстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Отто Иван Рона мырзамен кездесуі өтті.

Кездесу барысында Б. Сәрсенбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету жөніндегі Уәкіл ретінде Отто Иван Рона мырзаны Н. Назарбаев орталығы қызметінің басым бағыттары, мақсаттары және міндеттерімен таныстырды, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезін ұйымдастыру және оған дайындық жөніндегі орталықтың жұмысы туралы хабардар етті. Сонымен қоса, Орталық Басқармасының Төрағасы Съезд адамзаттың алдында тұрған өзекті сын-тегеуріндерді талқылау үшін түрлі дін өкілдерін жинайтын бірегей диалог алаңы болып табылатынын атап өтті.

Өз кезегінде Отто Иван Рона мырза Мажарстан Елшілігі екі ел арасындағы конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету және әлемде өркениетаралық диалогты ілгерілету мәселелерін қолдауға барынша дайын екенін жеткізді.

Кездесу соңында тараптар Съез Хатшылығының XX отырысы мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезіне дайындық жұмыстары аясында одан әрі өзара іс-қимыл жасау туралы келісімге келді.

 Анықтама: Мажарстан шіркеулері Экуменикалық кеңесінің Бас хатшысы Вилмош Фишл Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінің жұмысына қатысады деп күтілуде.