Үстіміздегі жылдың 28 қазанында Алматы қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің халықтар мен конфессиялар арасындағы бейбітшілік пен келісімді тереңдету жөніндегі бастамаларын ілгерілету аясында Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев пен ЮНЕСКО жанындағы Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық орталығы бас директоры Олжас Сүлейменов ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Тараптар диалог, бейбітшілік, келісім, достық, әртүрлі этностар, мәдениеттер мен діндер өкілдерінің өзара құрметі мен толеранттылығы дамуға бастайтын мақсаттарға қол жеткізудің негізгі шарттары болып табылатынын мойындайды.
Дінаралық және мәдениетаралық диалогты нығайтудағы өзара мүддені басшылыққа ала отырып, ұйымдар өз миссияларына сәйкес келетін жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыруда ынтымақтасуға ниетті. Соның ішінде мәдениетаралық және конфессияаралық диалогты дамыту тәжірибесі, өзара қызығушылық тудыратын кездесулер, форумдар мен конференциялар ұйымдастыру бағытында тәжірибе алмасуды қарастырады.
Жалпы, осы Меморандумның жасалуы халықаралық деңгейде мәдениеттерді, діндерді және өркениеттерді жақындастыру миссиясын бірлесе жүзеге асыруға қуатты серпін берері сөзсіз.