Жаңалықтар

Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды

Бөлісу

Бүгін, 11 тамыз күні Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев пен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Меморандумның мақсаты - дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша бірлескен ғылыми-зерттеу, ақпараттық-талдамалық және оқу-әдістемелік іс-шараларды әзірлеу.

Тараптар ғылыми зерттеулер мен оқу-әдістемелік қызмет саласында, соның ішінде бірлескен арнайы курстарды немесе модульдерді әзірлеу, магистрлік және докторлық диссертацияларға ғылыми жетекшілік, Академия студенттері үшін зерттеу тақырыптарының банкін қалыптастыру бойынша тәжірибе алмасуға уағдаласты.

Сонымен қатар, Меморандум бірлескен дөңгелек үстелдер, конференциялар, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын басқа да іс-шаралар ұйымдастыруды көздейді. Академия тыңдаушылары, СІМ және шетелдегі ҚР елшіліктерінің қызметкерлері үшін Елбасының Рухани дипломатия, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің идеяларын халықаралық деңгейде ілгерілету бойынша семинар-тренингтер ұйымдастыру жоспарлануда.

Меморандумның негізгі перспективалық бағыттарының бірі жүйелі негізде мемлекеттік органдар мен мекемелердің қызметкерлеріне дін саласында ақпараттық-түсіндіру, оқыту семинар-тренингтерін өткізу болып табылады.

Кездесу барысында орталықтың Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы құрылғаннан уақыттан Қазақстанның мемлекеттік аппаратының кәсіби қалыптасуына елеулі үлес қосқанын атап өтті.

«Біз Орталық пен Академия арасында орныққан әріптестікті жоғары бағалаймыз, себебі бізді ортақ мақсаттар мен мүдделер біріктіреді. Меморандумда көзделген іс-шаралар, ғылыми зерттеулер, орталық базасында Академия білім алушыларының тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру, дін саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстары, өзара консультативтік жұмысты қамтамасыз ету дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша ортақ міндеттер өз нәтижелерін беретініне сенімдімін», - деді Болат Сәрсенбаев.

Сондай-ақ, Орталық басшысы Академия ректорын биылғы жылдың 5-6 қазанында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының спикері, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы М.Әшімбаевтың төрағалығымен өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының ХІХ отырысына белсенді дайындық жұмыстары туралы хабардар етті.

Өз кезегінде Академия Ректоры Ерлан Әбіл конфессияаралық келісімді қамтамасыз етудегі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы

Н. Назарбаев пен Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевтың бастамаларын халықаралық деңгейде ілгерілетудегі Н.Назарбаев орталығының рөлін атап өтті.

Кездесу соңында Орталықтың Басқарма Төрағасы Академия Ректорын Съез Хатшылығының XIX отырысы аясында ҚР Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп ұйымдастырылып, шетелдегі 13 дипломатиялық өкілдіктер базасында өтетін дөңгелек үстелдер сериясына қатысуға шақырды.