Бүгін Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев пен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев жұмыс кездесуі аясында серіктестік қатынастардың келешегін талқылады.
Кездесу мүмкіндігі үшін алғысын білдіре отырып, Болат Сәрсенбаев Орталықтың Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаевтың мәдениеттерді, діндер мен өркениеттерді рухани жақындастыру жөніндегі халықаралық бастамаларын ілгерілетудегі мақсаттары, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың халықаралық аренадағы конфессияаралық диалогты нығайтудағы дәйекті саясаты туралы сөз қозғады.
Н.Назарбаев Орталығының Басқарма Төрағасы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Cъезінің негізгі идеяларын кеңінен насихаттаудың маңыздылығына тоқтала отырып, биылғы жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы М.Әшімбаевтың басшылығымен өтетін Съездің XIX хатшылығына және 2022 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті VII Съезіне, сондай-ақ Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңындағы халықаралық шараларға дайындық жоспарымен бөлісті.
Сонымен қатар, Болат Сәрсенбаев Қазақстандағы діни ахуалды бақылау, ғылыми-практикалық діни зерттеулер мен дінтану сараптамаларын жүргізумен айналысатын Орталық базасындағы Діни ахуалды талдау және діни сараптама институтының қызметіне тоқталды.
Н.Назарбаев орталығы жүргізіп жатқан жұмыстың маңыздылығын атап өтіп, Жансейіт Түймебаев конфессияаралық диалог пен рухани келісімді нығайтуда екі ұйымның жоғары әлеуетін пайдалану қажеттілігін қолдады. Сонымен қатар, Н.Назарбаев орталығының бастамасымен 20 мамырда өтетін «Орталық Азия елдерінің ХХІ ғасырдағы мәдениеттер татуластығы» халықаралық онлайн конференциясына университеттің қатысуын растады.
Жалпы, QS World University Rankings жаһандық рейтингіндегі Қазақстанның жетекші ұлттық университетінің тамаша серпілісін, оның әлемдік ғылыми және білім беру кеңістігінде жоғары деңгейге сәйкестігін ескере отырып, тараптар әрі қарайғы өзара әріптестік және дінаралық диалогты ілгерілету туралы, сондай-ақ сараптамалық кездесулер, ғылыми-практикалық іс-шараларды (конференциялар, семинарлар) ұйымдастыру, дін саласындағы тәжірибе алмасу, Орталық қызметкерлерінің авторлық мақалаларын «Вестник КазНУ» журналында жариялау туралы ынтымақтастық Меморандумына қол қою ниеті туралы уағдаласты. Сондай-ақ исламдық қаржыландыру орталығымен бірлескен зерттеулер, соның ішінде Қазақстандағы исламдық қаржы нарығының жағдайы мен даму перспективалары, серіктестік орнату, Н.Назарбаев орталығв қызметкерлерінің исламдық қаржыландыру орталығында біліктілігін арттыру туралы келісімге келді.
Кездесу қорытындысы бойынша Болат Сәрсенбаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректорын биылғы жылдың 17 мамырында Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайында өтетін «Ислам және адамзат: кеше, бүгін, ертең» атты халықаралық фотокөрменің ашылуына қатысуға шақырды.
Еске салайық, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің серіктестіктерін орнату және идеяларын насихаттау мақсатында Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев биылғы жылдың 11-17 мамыр аралығында Алматыға жұмыс сапары шеңберінде жетекші жоғары оқу орындарының, ғылыми және үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілерімен, Қазақстанның ірі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесулер өткізеді.