Жаңалықтар

Н.Назарбаев Орталығының Басқарма Төрағасы «Медиа кеңістіктегі конфессияаралық диалог: ортақ құндылықтар мен тәжірибе» біліктілікті арттыру курсының бағдарламасына қатысты

Бөлісу

30 сәуірде Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев Орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультеті ұйымдастырған «Медиа кеңістіктегі конфессияаралық диалог: ортақ құндылықтар мен тәжірибе» біліктілікті арттыру курсы аясында «Конфессиялық қатынастар саласындағы ғылыми зерттеулер мен Қазақстандағы діни ахуал» тақырыбында баяндама жасады.

Болат Сәрсенбаев өз сөзінде пандемия мен діни қауымдастықтың оқшаулануы жағдайында цифрлық бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер өзара әрекеттесудің таптырмас көздеріне айналғанын атап өтті. Онлайн дұғалар, ғибадат ету қызметтерін тікелей эфирде көрсету және Zoom платформасындағы діни мерекелер діни және әлеуметтік өмірдің бір бөлігіне айналды. Осы тұрғыда діни бірлестіктер басшыларының ұлтаралық және конфессияаралық бейбітшілік пен келісімді ұлттық және жаһандық деңгейде сақтаудағы рөлін түсіну маңызды.

Рухани келісім туралы айта отырып, Орталықтың Басқарма Төрағасы діни көшбасшылар мен саясаткерлерге жаһандық қатерлерге, төзбеушілікке қарсы тұру мәселелерін талқылау және халықаралық қақтығыстарды шешуге үлес қосуға мүмкіндік берген Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі бірегей алаң құрудағы Қазақстанның ең маңызды бітімгершілік бастамаларының маңыздылығына тоқталды.

«Бүгінгі әлемде болып жатқан оқиғалар жаңа жаһандық тәртіптің бейбітшілік құру үдерісіне қатысушылардың барлығының бірлігін талап етеді. Сондықтан біз үшін бейбітшілік пен өзара түсіністік, мемлекеттердің саяси ерік-жігері және халықтардың қолдауы маңызды», - деді Болат Сәрсенбаев.

Өз сөзінің соңында Орталық Басшысы бұл курс дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда, конфессияаралық және этносаралық қоғамда бейбітшілікті, тұрақтылық пен келісімді сақтау мен қамтамасыз етуде тағы бір маңызды құрал болды деген жалпы үмітті баян етті.

Біліктілікті арттыру бағдарламасы аясында конфессияаралық диалог, конфессияаралық мәселелерді заңнамалық реттеу мәселелері, діни журналистикадағы зерттеу әдістері мен контент-анализ, діни төзімділік пен ұлттық қауіпсіздік мәселелері де талқыланды. 

Біліктілікті арттыру курстары 2021 жылдың 26-30 сәуірі аралығында Zoom платформасында өтті, оған мемлекеттік органдардың, Қазақстанның діни бірлестіктерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамдық қорлардың өкілдері, сондай-ақ оқытушылар, ғалымдар мен адам құқықтары жөніндегі сарапшылар қатысты.