Қаз
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы

Жаңалықтар

ИСЛАМАДТА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Бөлісу

2025 жылғы 7 қазанда Исламабад қаласында Қазақстан Республикасының Президентінің алдағы сапарына орай ұйымдастырылған «Болашақты бірге құру: Пәкістан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың дамуының келешегі» атты дөңгелек үстел өтті. Шараны Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Елшілігі мен Исламабад саяси зерттеулер институты (IPRI) бірлесіп ұйымдастырды.

Іс-шара гибридті форматта өтіп, екі елдің мемлекеттік органдарының өкілдері, дипломатиялық корпус, сараптамалық орталықтар мен академиялық қауымдастық мүшелерін жинады.

Дөңгелек үстел Қасиетті Құран аятын оқудан және Қазақстан мен Пәкістанның әнұрандарын орындаудан басталды.

Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафин құттықтау сөз сөйлеп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

IPRI Президенті Маджид Эхсан өңірлік серіктестіктің стратегиялық маңызын атап көрсетті.

Құрметті қонақ ретінде қатысқан Пәкістанның Ақпараттық технологиялар және телекоммуникациялар жөніндегі министрі Шаза Фатима Хаваджа цифрлық ынтымақтастықтың болашағы туралы ой бөлісті.

Жиын барысында төрт тақырыптық сессия өтті. Олар: Қазақстан Президентінің халыққа Жолдауы, еліміздің сыртқы саясаты, Қазақстан мен Пәкістан арасындағы өзекті ынтымақтастық мәселелері және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінің қорытындыларына арналды. Сессияларда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ҚСЗИ, ҚР Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саясат институты, Халықаралық конфессияаралық диалог орталығы және Пәкістанның жетекші сараптамалық ұйымдары – IPRI, PRCCSF, Пәкістан СІМ мен Исламабад халықаралық ислам университетінің өкілдері баяндама жасады.

Сессиялардың бірінде Конфессияаралық және өдінаралық диалогтың халықаралық орталығының басқарма төрағасының орынбасары Марат Қалижанов сөз сөйледі. Ол 2025 жылғы 17–18 қыркүйекте Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінің негізгі қорытындыларын ұсынды. Өз сөзінде, съез - Қазақстанның әлемдік конфессияаралық диалогтың беделді алаңы ретіндегі рөлін растағанын айтты. "Астана Бейбітшілік декларация 2025" қабылдануы, БҰҰ Өркениеттер альянсының арнайы сессиясының өткізілуі, сондай-ақ экология, жасанды интеллект этикасы және жастардың қатысуы жөніндегі жаңа бастамаларға ерекше назар аударылды. Бұл қорытындылар Президент Тоқаевтың жаһандық бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы, халықаралық аренадағы бірлік пен сындарлы диалогты дамытудағы стратегиялық бағытын көрсетеді.

Шара соңында пікірталас пен пікір алмасу өтті. Қорытынды сөзді сенатор Мушахид Хуссейн Сайед сөйлеп, Қазақстанның Пәкістан үшін Орталық Азиядағы басты серіктес екенін атап өтті.