Ағымдағы жылдың 29 сәуірінде Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев Орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаевпен Тәжікстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хайрулла Ибодзоданың жұмыс кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар конфессияаралық және дінаралық ынтымақтастық жөніндегі екіжақты қатынастардың жай-күйі мен келешегін талқылады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың мәдениеттер мен өркениеттердің рухани жақындасу мәселелеріндегі жаһандық бастамаларының маңыздылығын атап өтті.
Н.Назарбаев Орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев биылғы Съезд Хатшылығының ХІХ отырысын және 2022 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті VII съезін жоғары деңгейде өткізудің мақсаттары мен жоспарларына тоқталды, сондай-ақ алдағы уақытта Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған Орталықтың халықаралық іс-шаралары туралы хабардар етті.
Сұхбатты жалғастыра отырып, Н.Назарбаев Орталығының басшысы рухани бірлік пен халықтар арасындағы достықты нығайтуға бағытталған конфессияаралық диалогты сақтауда және дамытуда Тәжікстан Қазақстан үшін сенімді серіктес екенін баса айтты.
Өз кезегінде Елші Хайрулла Ибодзода бірлескен күш-жігердің арқасында көп қырлы қазақстан-тәжік ынтымақтастығы бейбітшілік пен келісімді орнатуда жаңа биіктерге қол жеткізетінінен сенім білдірді, сонымен қатар халықаралық платформаға – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне және Орталықтың халықаралық шараларына қолдау көрсететінін айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша Болат Сәрсенбаев Тәжікстан Елшісін осы жылдың 20 мамырында Қазақстанның тәуелсіздігінің 30-жылдық мерейтойы аясында өтетін «XXI ғасырдағы Орталық Азия елдерінднгі мәдениеттер көршілігі» халықаралық онлайн конференциясына қатысуға шақырды.