Бүгін, 27 сәуірде Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев Түрікменстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Батыр Реджеповпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар конфессияаралық және дінаралық ынтымақтастық мәселелері бойынша екіжақты қатынастардың келешегін талқылады.
Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен биылғы жылы өтетін Съездің XIX хатшылығына, 2022 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне дайындық жұмыстары, Қазақстан Республикасының 30 жылдығына арналған шаралар туралы баяндады.
Болат Сәрсенбаев Қазақстан мен Түрікменстанды тек географиялық емес, сонымен қатар ғасырлар қойнауынан бастау алатын екі ел халықтарының мәдени және тарихи жақындығы байланыстыратынын жеткізді. Сонымен қатар, біздің ата-бабаларымыз құрған өзара сыйластық пен татулық принциптері Қазақстан мен Түрікменстан егемендік алғаннан кейін дипломатиялық қатынастардың орнығуы мен дамуына негіз болғанын айтты.
Өз кезегінде Түрікменстан Елшісі Елбасы Н.Назарбаевтың көрнекті үлесін және Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың бейбітшілік пен келісім саясатын және бұл Қазақстанның халықаралық аренада ерекше орын алуына мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сонымен қатар, ол Н.Назарбаев орталығымен конфессияаралық диалог саласында ортақ жобаларды одан әрі кеңейтуге қызығушылығы мен дайындығын, халықаралық маңызы бар шара - Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезіне және оның институттарына одан әрі қолдау білдіретінін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша Болат Сәрсенбаев Түрікменстан елшісін биылғы жылдың 20 мамырында Қазақстанның тәуелсіздігінің 30-жылдық мерейтойы аясында өтетін «21-ші ғасырдағы Орталық Азия елдеріндегі мәдени көршілестік» халықаралық онлайн конференциясына қатысуға шақырды.