Биылғы жылдың 22 сәуірінде Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Жалғасбаевпен жұмыс кездесуін өткізді.
Кездесу барысында Елшіге Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған Орталықтың ауқымды іс-шаралар жоспары таныстырылды. Сондай-ақ, Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев 2022 жылы өтетін әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне дайындық және 2021 жылы өтетін Съездің ХІХ хатшылығын ұйымдастыру жұмыстарын туралы айтып өтті.
Орталық төрағасы мазсұнды іс-шараларға дайындық жоспарларымен бөлісе отырып, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін өткізу арқылы өркениеттер арасындағы диалогты нығайтудағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаевтың айрықша рөлін атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың діндер мен өркениеттер диалогының жаһандық орталығына айналуға жол ашатын саясатына тоқталды.
Болат Сәрсенбаев Қазақстан мен Үндістан арасында бейбітшілік, достық және екіжақты дипломатиялық қатынастар нығайып келе жатқанына 29 жыл толғанын атап өтті және алдағы уақытта да солай болатынына сенім білдірді.
Өз кезегінде Қазақстанның Үндістандағы Елшісі Нұрлан Жалғасбаев Елбасының әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін, сондай-ақ Съезд Хатшылығын әлемдік деңгейде насихаттауға дайын екенін айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар арасында «Somaiya Vidyavihar» (Үндістан, Мумбаи) ұйымының Президенті, Діни лидерлер кеңесінің мүшесі Самир Шантилал Сомайямен екі ел арасындағы рухани достықты жандандыру мақсатында ынтымақтастық туралы меморандум жоспарланды.