Жаңалықтар

Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев Орталығы Ислам өркениеті ғалымдарына арналған онлайн-семинарға қатысты

Бөлісу

Бүгін, 8 сәуірде Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев Орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев Өзбекстанның Ислам өркениеті орталығы мен Малайзияның Хазари Ислам институты ұйымдастырған онлайн-семинарға қатысты.

Болат Сәрсенбаев өзінің құттықтау сөзінде: «Біздің мемлекет басшылығының саясаты әрқашан жоғары мақсаттарға жетуге бағытталған, барлық бастамалардың төрінде – азаматтар мен олардың әл-ауқатына қамқорлық жасау негізге алынады. Әр түрлі ұлт пен дін палитрасына қарамастан, азаматтардың бейбіт қатар өмір сүру мәселелері үнемі басты назарға алынып отырады» деп баса айтты.

Болат Сәрсенбаев сонымен қатар, семинарға қатысушыларды бірінші шақырылымы 2003 жылы болған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің идеяларын насихаттауға қатысты Н.Назарбаев орталығы қызметінің негізгі бағыттарымен, мақсаттары мен міндеттерімен таныстырды, ҚР Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың жетекшілігімен 2021 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі XIX Хатшылығының, Елбасы Н. Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қатысуымен 2022 жылы өтетін өтетін кезекті VII Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі отырысына дайындық жұмыстарымен бөлісті.

Сонымен бірге, Н.Назарбаев Орталығының Дінтану департаментінің директоры Рузия Камарова іс-шараның екінші секциясының жұмысына қатысып, «Қазіргі Қазақстандағы ислам дінінің зерттелуі» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.

Семинар жұмысына Өзбекстан мен Малайзия ғалымдарымен қатар Украина исламтану зерттеу орталығы, М.Драгоманов атындағы Ұлттық педагогикалық университеті, Халықаралық Бабыр қорының қырғыз филиалынан шетелдік көрнекті ғалымдар мен сарапшылар да қатысты.

Бұған дейін, ағымдағы жылдың 3-ші наурызында Ташкентте Н.Назарбаев Орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев пен Өзбекстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Ислам өркениеті орталығының директоры Шоазим Миноваров өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Меморандумға қол қоюдың мақсаты – өркениетаралық және конфессияаралық диалог саласындағы өзара іс-қимылды жүзеге асыру, төзімділік пен келісім қағидаттарын дамыту болды