6 сәуірде Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаевпен Ливанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жискар Ел-Хуримен жұмыс кездесуі өтті.
Тараптар конфессияаралық және дінаралық ынтымақтастық бойынша екіжақты қатынастардың жағдайы мен келешегін, конфессияаралық дамуға байланысты Қазақстанның халықаралық бастамаларын ілгерілету, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің мақсаттары мен міндеттерін халықаралық деңгейде насихаттау, сонымен қатар ағымдағы жылы Съезд Хатшылығының XIX отырысын және 2022 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін жоғары сапада өткізу мәселелерін талқылады.
Болат Сәрсенбаев Ливан елінің Таяу Шығыс аймағында және жалпы араб әлемінде Қазақстанның сенімді серіктесі екенін баса айтты. Қазақстанның бітімгершілік миссиясы аясында бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін Ливанда 120 қазақстандық бітімгер әскери міндеттерін атқаруда.
Өз кезегінде Елші Жискар Ел-Хури аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі Қазақстанның бітімгершілік қызметін жоғары бағалады, сонымен қатар конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамытудағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, ливандық дипломат халықаралық платформаға – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне және оның институттарына одан әрі қолдау көрсететіндігін растады.
Кездесу соңында Н.Назарбаев Орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев Қазақстан Республикасының Ливандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып жұмыс істеген кездегі ел және Ливан халқы туралы жылы естеліктерімен бөлісті.
Жалпы, тараптар рухани бірлікті, халықтар достығын, ұлтаралық келісімді нығайтуға бағытталған конфессияаралық диалогты дамыту бойынша белсенді өзара іс-қимыл туралы уағдаласты.