Биылғы жылдың 30 наурызында Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Асқар Әбдірахмановпен кездесті.
Кездесудің мақсаты - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған Орталықтың негізгі жоспарымен және халықаралық іс-шараларымен танысу, сондай-ақ 2021 жылы өтетін XIX Съезд хатшылығы мен 2022 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне дайындық жұмыстарын талқылау.
Қазіргі таңда Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы 2021 жылы өтетін XIX Съезд хатшылығы мен 2022 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII Съезінің идеяларын әлемдік деңгейде кеңінен насихаттау үшін ақпараттық-имидждік жұмысты мақсатты түрде күшейткенін атап өткен жөн.
Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі - халықаралық мойындауға ие болған және өркениеттер арасындағы жаһандық диалогтың маңызды элементіне айналған бірегей диалог алаңы екенін атап өтті.
«Алдағы ХІХ хатшылық пен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі - бұл тек елдің ғана емес, әлемдік ауқымдағы іс-шара. Осындай идеологиялық және халықаралық маңызға ие шараның жан-жақтан қолдау тапқаны қуантады. Отандық және халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау арқылы жергілікті халыққа, әлем елдеріне Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің негізгі мақсатын түсіндіру өте маңызды», - деді Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев.
Кездесу соңында тараптар Орталықтың халықаралық іс-шараларын өткізу және ақпараттық қолдау бойынша нақты ынтымақтастық туралы келісімге келді. Атап айтқанда, XIX Съезд хатшылығын, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезін және әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың конфессияаралық келісімнің бірегей қазақстандық моделін ілгерілету жөніндегі бастамаларын насихаттауға, бірлескен халықаралық іс-шараларға қатысып, конфессияаралық және өркениетаралық диалогты сақтау мәселелері бойынша ақпарат алмасуға уағдаласты.