НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы әлемнің және Қазақстанның киелі жерлері бойынша виртуалды тур ұсынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Дүниежүзіне таралып отырған індет жағдайында халық оқшауланып, сақтық үшін карантин талаптарын сақтауға мәжбүрлі. Дегенмен, бұл жағдайды пайдалы әрі рухани тұрғыдан біліміңізді кеңейту үшін пайдалануға шақырамыз. Осы ретте, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы мәдениеттер мен діндердің өркениеттік бай мұрасы мен тарихын көрсету мақсатында «Әлемдік және дәстүрлі діндердің киелі әрі қасиетті жерлерінің виртуалды турларын» жинақтап, оқырман назарына ұсынады», - деп атап өтеді аталған орталықтың баспасөз қызметінен. ЗD форматындағы Киелі жерлердің турлары арқылы әлемдік және дәстүрлі діндердің тарихи ескерткіштерімен, оның ішінде ислам дінінің киелі мекені – Меккедегі Қағбамен, Иерусалимдегі – Акшардхам храмымен, Бодхая буддалық қасиетті орталықпен, Синтоистік Ицукусимамен танысуға мүмкіндік бар. Қазақстанда әйгілі «Әзірет Сұлтан» мұражай кешенінің де виртуалды көрінісін тамашалауға болады. Оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи, Рабиға Бегім Сұлтан, Есім Хан, Гаухар Ана мазарлары мен Қылует жер асты мешітінің көрінісі ұсынылған. «Сондықтан, еліміздің қай аймағында болмасын барлық қызығушылық танытушы оқырмандар діни және мәдени ескерткіштердің бай мұрасымен танысып, рухани кемелденуге қадам жасай алады. Ұсынылған виртуалды турлармен Орталығымыздың ресми әлеуметтік желілерінен танысуға болады» делінген таратылған ақпаратта.
Назарбаев орталығы әлемнің және Қазақстанның киелі жерлері бойынша виртуалды тур ұсынады
Бөлісу