Жаңалықтар

Рухани келісім – бейбітшілік негізі

Бөлісу

Осыдан 28 жыл бұрын дәл осы күні Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың бастамасымен Алматыда өткен Бірінші Бүкіләлемдік Рухани келісім конгресінде қатысу­шылар 18 қазанды Рухани келісім күні деп жариялауға шақырған манифест қабылдаған еді. Атаулы күн қарсаңында өтетін бұл жиын дәс­түрге айналып үлгерген. Бұл жолғы  «Рухани келісім – бейбітшілік негізі» тақырыбымен өткен конференция Дү­ниежүзілік рухани мәдениет фору­мы­ның 10 жылдығын атап өтті.

Шараны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Нұр-Сұлтан қаласы­ның әкімдігі, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогті дамыту жө­ніндегі Н.Назарбаев орталығы мен «Бей­­бітшілікке мәдениет арқылы» ха­лық­­аралық қауымдастығы ұйымдас­тыр­ды. Қатысушылар қатарында Ресей, АҚШ, Үндістан, Аустрия, Швей­цария, Германия, Ливан, сондай-ақ өзге де елдерден белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, діни бірлестіктер, аза­маттық қоғам институт­тары мен ғылыми қоғамдастық өкіл­дері және халық­аралық сарапшылар бар. Шетел­дік қонақтар әлемдегі жағдайды ескере отырып, қауіпсіздік талаптарына сай келелі жиынға онлайн қосылды. 

Конференцияда алғашқы болып Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов сөз алды. Ол қатысушыларды ерекше ықыласпен қарсы алып, дәстүрлі шараның ұлт­аралық және дінаралық келісімнің өзекті мәселелерін талқылауға мүм­кіндік беретін бірегей алаң екенін баса айтты.

«Қазақстан – қоғамдағы барлық үде­рістің негізіне биік рухани мәде­ниетті қалыптастыруға тырысатын елдердің жарқын үлгісі. Ал бұл өз кезегінде ұлтына, дініне, нәсіліне қарамастан адамдар арасындағы өзара келісімге бастайтыны анық.   Бұл шараларды еліміздің бейбітшілік пен рухани келісімге алған бағытының ай­қын көрінісі деуге негіз бар. Кездесу­дің бү­гі­нгі қиындықтарға қарамас­тан ауқым­­ды түрде өтіп жатқанын атап өту керек. Жалпы, жаһандық пандемия қоғам­­да­ғы ең өзекті мәселелерді көрсе­тіп берді. Адамдар, отбасылар арасында өз­ара қарым-қатынас шиеленісе түсті. Мұ­ның барлығы тағы да рухани құн­ды­лықтарға келіп тіреледі», деді М.Әзілханов.

Вице-министр бұл басқосудың саланы ілгерілетудегі маңызын алға тарта отырып, халықаралық конференция жұмысына сәттілік тіледі. Сөз кезегін қонақтарға шара модераторы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов беріп отырды.

Елдегі Рухани келісім күнінің бас­тауында болып, осы құндылықтар­дың қазақ қоғамында маңызды орын алуына еңбек сіңірген Төлеген Мұхамед­жанов атаулы күннің тарихына тоқта­лып, рухани мәдениет идеясының бүгін­гі күннің белгісіне айналғанын алға тартты. «Бейбітшілікке мәде­ниет арқылы» халықаралық қауымдас­тығы­ның президенті, Қазақстан Респуб­ликасының еңбек сіңірген қайраткері, композитор, қоғам қайраткері өз сөзін­де рухани келісімнің елдегі ахуал­ға әсерін де атап өтті.

«Бүгін әлемде болып жатқан шиеле­ністер мен оқиғалар өркениеттер дағ­дарысына, алыптар арасындағы дауға ұласып жатыр. Осы ретте біздің қоғамдағы биік рухани құндылық елі­міздің одан әрі тұрақты өркендеуіне, Қазақстан тұрғындарының бейбіт өмір сүріп, жан-жақты дамуына, халық игілігіне еңбек етуіне мүмкіндік беріп отыр. Бұл дәстүрді сақтап қалу – біздің басты парызымыз. Өйткені бізге қарап бой түзейтін мемлекеттер көп», деді Т.Мұхамеджанов.

Қазақстанда ұлттар арасын­дағы келісімді сақтау мақсатында ат­қа­ры­лып жатқан жұмыс пен осы миссияны орындауда Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі туралы ұйым Төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов баяндады. Оның айтуынша, еліміздің бүгінгі қол жеткізген ма­ңызды жетістіктерінің бірі – қазіргі қазақ қоғамындағы ұлтаралық және дін­аралық келісімге негізделген әлеу­меттік тұрақтылық. Ассамблея өкілі сонымен қатар рухани келісімнің бүгін әлемнің көптеген елі үшін бас­ты міндетке айналғанына тоқталып, Қазақ­­станның ұлттық бірлікке негі­з­дел­ген тұрақтылықты көрсетіп отыр­ғанын баса айтты. Елімізде өмір сүре­тін этностардың ауызбірлігі мен төзім­ділігі қазақстандықтар үшін егемендік құру жолында күрделі кезеңнен өтуге жәрдемдесіп, әлі де ел дамуында үлкен рөл атқарып отыр.

Ал шараға қатысқан шетелдік қо­нақ­­тардың бірі Ресей халықтары Ас­самб­леясы кеңесінің төрағасы Свет­­­лана Смирнова Еуразиялық инте­гра­ция, бейбітшілікті қорғау, халық­тар арасындағы достық, келісім, серік­тестік қағидаларын көпке насихаттап жүрген мүдделес тараптардың кез­десуін жоғары бағалап, қазақтың дана ақыны Абайдың рухани құндылықтар жайлы идеяларын ортаға салды. Кон­ференцияға Еуразия халықтары Ассам­блеясының өкілдері де қатысты.

Конфессияаралық және өркениет­аралық диалогті дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының басқарма төрағасы Алтай Әбибуллаев құрметті қо­нақ­­тарды атаулы мерекемен құт­тық­­тай отырып, қоғамдағы рухани келі­сімнің бағасы қымбат екенін атап өтті.

«Тәуелсіздік – бағасы қымбат бақ деген пікір баршамызға белгілі. Ал мен өз кезегімде рухани келісімнің де баға жетпес құндылық екенін айтар едім. Бұл – қоғамдағы әрбір адам­ның күнделікті тынымсыз еңбегі­нің жемісі. Азамат­тық қоғам мен ұлт­аралық келісімді ту еткен тәуелсіз Қазақ­станның үлгісі ха­лық­аралық қауымдастық тарапы­нан да талай рет өз бағасын алды. Бүгін ерек­ше жағ­дайда өтіп жатқан жиын қатысу­шы­лары­ның географиялық, уақыт айыр­машылығына қара­мас­тан, біздің бірлігіміз берік, ынты­мағы­мыз нық», деп қорытындылады А.Әбибуллаев.

Конференция жұмысына АҚШ-тан қосылған Ғаламдық қауіпсіздік инс­титутының президенті, Ұлттық қауіп­сіздік және қару-жарақты бақылау бойынша Америкалық заңгерлер ассоциациясы комитетінің тең төр­ағасы, БҰҰ жанындағы қарусыз­дандыру, бейбітшілік және қауіпсіздік коми­тетінің вице-президенті Джонатан Граноф рухани мәдениет мәселе­сіне қатысты ойын ортаға салды. Са­рап­шы бейбітшілік пен тұрақты­лық­қа өзгелерге құрмет көрсету, адам­дарға сүйіспеншілікпен қарау және жағым­сыз әрекеттерден ада болу секілді қадам­дарды ұстану арқылы жетуге бола­тынына сенімді.

Одан бөлек, жиында сөз алған басқа да қатысушылар мемлекеттік-конфес­сиялық және конфессияаралық қаты­настар саласындағы өзекті мәселе­лерді, жалпыұлттық идея негізінде қазақстандық бірегейлікті нығайту міндеттерін, сондай-ақ елімізде және әлемде дінаралық диалог пен өзара түсіністікті ілгерілетудегі азаматтық қоғам рөлін талқылады.

Азаматтарды ортақ рухани-адам­гер­шілік құндылықтарға топтастырып, қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылық, толе­ранттық, рухани келісім идея­ларын насихаттауға бағытталған кон­ференция алаңында тұшымды пікір­лер айтылып,  маңызды мәселелер көтеріл­ді. Сарапшылар дәстүрлі жиын­да келесі жылы да басқосуға уағдаласып тарқасты.


© egemen.kz