Ватиканға сапары аясында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми Папа уәкілі, Киелі Тақ Кардиналдар алқасының деканы кардинал Анджело Соданомен, Ватиканның Мемлекеттік Хатшылығының Мемлекеттермен қатынастар жөніндегі хатшысы Доминик Франсуа Жозеф Мамбертимен, сондай-ақ Дінаралық үнқатысу жөніндегі Папа кеңесінің Төрағасы Жан-Луи Торанмен кездесті. Кездесулерде тараптар Қазақстан мен Ватикан арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің жұмысы туралы пікір алмасылды.
Дінаралық үнқатысу жөніндегі Папа кеңесінде Ватиканның беделді өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел отырысы болды. Одан басқа, Қ.Мәми Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің 10 жылдығына арналған фотокөрмені ашты. Спикер өз сөзінде Астана форумы он жылда өзінің қажеттілігін дәлелдей отырып, жаһандық үнқатысуды ілгерілетудегі маңызды алаңға айналғанын атап өтті.
Жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде Спикер «тағдырдың тәлкегімен қазақтың кең-байтақ жері мыңдаған католиктерге екінші үй болды. Қазіргі кезде елімізде 79 католик қауымы жұмыс жасайды», - деді.
Ол Астанадағы төрт Съездің бәріне де Ватикан жоғары деңгейде қатысқанын айтты. «Қазақстандық бастаманы қолдаған жандардың барлығына, әсіресе Астана форумының жұмысына қатысқан көрнекті өкілдерге біздің алғысымыз мол», - деп атап өтті ол.