Жаңалықтар

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V Съезі 2015 жылғы 10-11 маусымда Астанада өтеді

Бөлісу

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бесінші Съезі 2015 жылғы 10-11 маусымда Астанада болады. Алдағы форумның басты тақырыбы ретінде «Бейбітшілік және даму жолындағы діни және саяси қайраткерлердің үнқатысуы» болып белгіленді. Бүгін Съезд Хатшылығының ХІІІ отырысының қорытындылары бойынша осындай шешім қабылданды.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қорытынды сөзінде Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың төртінші Форумдағы «әлемнің «өркениеттер қақтығысының» шыңырауына құлдырамауына съездердің көмегі аз болған жоқ» деп атап өткен сөзіне назар аударды.

Мемлекет басшысының бастамасымен шақырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі былтыр он жылдығын атап өтті. Осы жылдар бойы Астана форумына қатысушылар «үнқатысу, өзара түсіністік пен құрмет алуан мәдениеттер мен діндегі адамдардың жайлы және бейбіт өмір сүруін қамтамасыз ете алатын қуатты жасампаз күш» екенін паш етіп келеді.

Алдағы діни форумның міндеттеріне қатысты Хатшылықтың Басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері V Съезі діни деңгейлер мен саяси жетекшілердің жер жүзіндегі орнықты бейбітшілік және келісім жолындағы өзара іс-қимылының оңтайлы үлгісін іздестіру жөніндегі жұмыстарды жалғастыратынына сенім білдірді.

«Әлемдегі тепе-теңдік көптеген жағдайда адамдар арасындағы үнқатысу мен келісімге байланысты болады. Сондықтан діни негіздегі дүрдараздық пен оқшалануға біз діни үнқатысуды, мәдениеттің рухани ынтымағы мен адамзаттың келісімін қарсы қоямыз. Осындай ізгілікті істерде бізге сәттіліктер серік болсын», - деді Сенат Төрағасы.

Отырысқа қатысушылар Күн тәртібіне енгізілген мәселелердің бәрін қарады, Хатшылықтың он үшінші отырысының Хаттамасын бекітілді, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының ХІV отырысы өткізілетін уақыт пен орны белгіленді. Ол 2015 жылғы 9 маусымда болады.