Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері V Съезінің шешімдерін іске асыру, сондай-ақ осы форумды одан әрі дамыту мәселелері бойынша жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Шараға сыртқы істер министрлігі, мәдениет және спорт министрлігі, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы, Сенат аппаратының басшылары қатысты.
Кеңеске қатысушылар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани татулық пен келісімді дамытуға және нығайтуға қосқан үлесі үшін сыйлығын», Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің Құрмет белгісін тағайындау, сондай-ақ Астанада Бейбітшілік және келісім мұражайын ашу бастамаларын іске асырудың тұжырымдамалық және ұйымдастыру мәселелерін қарады. Қ.Тоқаев Мемлекет басшысы мен діни лидерлерге тиісті ұсыныстарды мезгілінде енгізу үшін осы бағытта әзірлік жұмыстарын аяқтауды тапсырды.
Сенат Төрағасы 2016 жылдың ортасында өткізу жоспарланып отырған Съезд Хатшылығының XV отырысына және Астанада терроризмге қарсы іс-қимылда діни қайраткерлердің рөлі туралы конференцияға тиянақты әзірліктің маңызын атап өтті. Кеңеске қатысушыларға Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы қызметін жетілдіру жөніндегі ұсыныстар енгізу туралы тапсырма берілді. Сенат Төрағасы Съезд және Хатшылық отырыстары арасындағы кезеңде форум делегаттарының тұрақты интерактивтік үнқатысуын қалыптастыру қажеттігіне назар аударды.
Кеңесте сөз алған мәдениет және спорт министрінің орынбасары Марат Әзілханов және сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев V Съездің шешімдерін іске асыру, форумдарда айтылған бастамалар туралы хабардар етті.