Қаз
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы

Жаңалықтар

Халықаралық орталықта жас ғалымдар мен докторанттармен кездесу өтті

Бөлісу

1 шілдеде «Конфессияаралық және дінаралық диалог жөніндегі халықаралық орталық» КЕАҚ алаңында «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығымен бірлесіп, Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген PhD докторанттардың қатысуымен жұмыс кездесуі өтті.

Талқылауға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында филология, педагогика, түркітану, экономика, заңтану және басқа да гуманитарлық және әлеуметтік мамандықтар бойынша білім алып жатқан 20-дан астам жас зерттеуші қатысты.

Кездесудің мақсаты – академиялық қауымдастықты Орталықтың қызметімен таныстыру және конфессияаралық диалог саласындағы өзекті мәселелерді талқылау.

Шараның ресми бөлімін Халықаралық орталықтың Басқарма төрағасының орынбасары Марат Қалижанов ашты. Өз сөзінде ол ұйым жұмысының негізгі бағыттары туралы жан-жақты ақпарат берді. Атап айтқанда, спикер қатысушыларды Орталықтың құрылымы мен негізгі функцияларымен, Хатшылық пен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің қызметін қамтамасыз ету тетіктерімен, сондай-ақ  дінаралық өзара әрекеттестік саласындағы халықаралық байланыстар мен серіктестік бағдарламалардың дамуымен таныстырды.

Презентацияны Басқарма төрағасының орынбасары Татьяна Липина жалғастырып, жұмыстың ғылыми-зерттеу саласына тоқталды. Ол кешенді дінтанулық зерттеулер жүргізуге, Қазақстан Республикасындағы діни ахуалға жүйелі мониторинг пен талдау жасауға қатысты мәселелерді, сондай-ақ дінтанулық сараптаманы ұйымдастыру мен өткізудің ерекшеліктерін атап өтті. Орталықтың конфессиялық салада тиімді шешімдер қабылдау үшін қажетті сапалы талдау мәліметтерін тұрақты түрде әзірлейтіні айтылды.

Кездесудің екінші жартысы ашық пікір алмасу форматында өтіп, оған Әдістемелік жұмыс және жинақтау департаментінің директоры Дулат Жақиянов модераторлық етті. Қатысушылар дінаралық диалогтың қалыптасуының тарихи кезеңдерін, оның дамуының қазіргі үрдістерін және осы саладағы өзекті сын-қатерлерді талқылады. Сұрақ-жауап барысында докторанттар жоғары кәсіби қызығушылық танытып, өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін практикалық маңызы бар тақырыптардың кең ауқымын қозғады.

Кездесу сындарлы және достық жағдайда өтті. Шара соңында Орталық өкілдері докторанттарға қызығушылық танытқандары үшін алғыс айтып, әлеуметтік үдерістерді зерттеуге жас ғалымдарды тартудың маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ оларға алдағы ғылыми-зерттеу қызметінде және диссертациялық жұмыстарын қорғауда табыс тіледі.