Токио қ., 2026 жылғы 1 шілде
Конфессияаралық және дінаралық диалог жөніндегі халықаралық орталық делегациясының «Дзиндзя Хонтё» Синтоистік ғибадатханалар қауымдастығына жұмыс сапары аясында Орталықтың Басқарма Төрағасы Гүлсана Қожабай мен Қауымдастықтың Вице-президенті Митиясу Ёсикаваның кездесуі өтті.
«Дзиндзя Хонтё» – елдегі синтоистік ғибадатханалардың басым бөлігін біріктіретін Жапонияның негізгі діни ұйымдарының бірі. Синтоизм – негізінде табиғатты қастерлеу, ата-бабаларды құрметтеу, дәстүрлер сабақтастығы және адамның қоршаған ортамен үйлесімділігі туралы түсінік жатқан Жапонияның дәстүрлі рухани мәдениеті.
Кездесу Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өркениеттер диалогын, бейбітшілік мәдениетін және «әралуандықтағы бірлік» қағидатын ілгерілетуге бағытталған сыртқы саяси курсы аясында ұйымдастырылды.
Тараптар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі аясындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту, дінаралық және өркениетаралық диалогты дамыту, сондай-ақ бейбітшілік мәдениетін, экологиялық жауапкершілік пен рухани-адамгершілік құндылықтарды ілгерілетуге бағытталған бірлескен бастамаларды талқылады.
Гүлсана Қожабай «Дзиндзя Хонтё» қауымдастығына 2003 жылы негізі қаланған сәттен бастап Съезд жұмысына белсене қатысып, көпжылдық қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.
Ол жапон тарапының Съезд қызметіне тұрақты қатысуы сенімді әрі ұзақ мерзімді халықаралық ынтымақтастықтың маңызды үлгісі екенін атап өтті.
Қазақстан мен Жапонияның ортақ рухани-адамгершілік және өркениеттік негіздеріне ерекше назар аударылды. Табиғатқа деген құрмет, ата-бабаларды қастерлеу, дәстүрлер сабақтастығы және қоғамдық үйлесімділікке ұмтылу қос мемлекеттің де мәдени мұрасының маңызды элементтері болып табылатыны және диалогты кеңейту үшін берік негіз қалайтыны атап өтілді.
Қауымдастықтың Вице-президенті Митиясу Ёсикава синтоизмнің басты философиялық негіздерімен таныстырып, адам табиғаттың қожайыны емес, оның ажырамас бөлігі екеніне тоқталды. Осыған байланысты, қоршаған ортаға ұқыпты қарау тұлғаның адамгершілік тәрбиесінен және қоғам алдындағы жауапкершілігінен басталуы тиіс.
Ол сондай-ақ бұл құндылықтар Жапонияда әртүрлі діндердің бейбіт қатар өмір сүру мәдениетін қалыптастыруға ықпал еткенін, мұнда дінаралық диалог қоғамдық өмірдің табиғи бір бөлігі ретінде қабылданатынын айтты. Митиясу Ёсикава Қазақстанның әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ашық диалогына арналған халықаралық алаң ретіндегі рөлін жоғары бағалады.
Орталықтың Басқарма Төрағасы «Дзиндзя Хонтё» қауымдастығына шығыс діни дәстүрлерінің ерекшелігін көрсететін тәсілдер енгізілген «Климаттың өзгеруімен күрестегі діндердің рөлі» атты тұжырымдамалық құжатты дайындауға қосқан үлесі үшін ризашылық білдірді.
Кездесу барысында қазақстандық тарап Астана бейбітшілік декларациясын таныстырып, VIII Съез бастамаларының жүзеге асырылу барысы, соның ішінде «Климаттың өзгеруімен күрестегі діндердің рөлі» және «Діни салада жасанды интеллектіні пайдаланудың әдеп кодексі» құжаттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.
Сапар аясында Халықаралық орталықтың делегациясы Токионың ең танымал рухани орталықтарының бірі — Мэйдзи Дзингу синтоистік ғибадатханасына барды. Ғибадатхана император Мэйдзи мен императрица Сёкэнге арналған, ал оны қоршап тұрған орман бүкіл Жапониядан қайырымдылық ретінде жиналған 100 мыңға жуық ағаш пен ондаған мың еріктілердің еңбегі арқасында бой көтерген. Рухани естеліктің, табиғат пен қоғамдық белсенділіктің тоғысуының бұл бірегей үлгісі экологиялық жауапкершілік пен адамның қоршаған ортамен үйлесімділігін талқылау тұрғысынан ерекше мәнге ие.
Кездесу қорытындысы бойынша жапон тарапы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXIV отырысына қатысуға шақырылды.
Тараптар серіктестікті одан әрі дамытуға, дінаралық және өркениетаралық диалогты ілгерілетуге, сондай-ақ бейбітшілікті, өзара түсіністікті және тұрақты дамуды нығайтуға бағытталған бірлескен халықаралық бастамаларды жүзеге асыруға өзара мүдделі екендігін растады.