Қаз
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы

Жаңалықтар

Халықаралық сарапшылар тату көршілік мәдениетін Орталық Азияның тұрақты болашағының негізі ретінде талқылады

Бөлісу

Астана қ., 2026 жылғы 26 маусым

Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы «XXI ғасырдағы Орталық Азия елдері мәдениеттердің тату көршілігі» атты халықаралық онлайн-конференция өткізді.

Конференцияға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейдің мемлекеттік органдарының, діни бірлестіктерінің, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтарының өкілдері қатысты.

Халықаралық конференцияны Халықаралық орталықтың Басқарма Төрағасының орынбасары Марат Қалижанов ашты. Ол өзінің алғы сөзінде тату көршілік Орталық Азия халықтарының тарихи мұрасы ғана емес, сонымен бірге аймақтың тұрақты дамуының маңызды негізі екенін атап өтті. Оның айтуынша, климаттың өзгеруімен, жасанды интеллекттің дамуымен және мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтумен байланысты қазіргі заманғы сын-қатерлер саяси, интеллектуалдық және рухани күш-жігерді біріктіруді талап етеді.

Конференция барысында тату көршілік тақырыбы жан-жақты пайымдалды. Қатысушылар бұл мәселені саясат, тарих, мәдениет, дін, өнегелік құндылықтар, экология және қазіргі заманғы технологиялар тұрғысынан қарастырды.

Қатысушылардың пікірінше, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі әлдеқашан пікірталас алаңының шеңберінен шығып кеткен. Оның алаңында жүргізіліп жатқан жұмыстар қазіргі заманның негізгі сын-қатерлеріне, соның ішінде климаттың өзгеруіне, жасанды интеллекттің дамуына және гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға ортақ тәсілдерді әзірлеуге ықпал ететін бірлескен құжаттар мен ұсынымдарда іс жүзінде көрініс табуда.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі, Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Данияр Кенжалин және Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Орталық Азиядағы жобалар жетекшісі Әли Үкенов өз сөздерінде экологиялық жауапкершілік мәселелеріне баса назар аударды. Олар климаттың өзгеруі, су ресурстарының тапшылығы және жердің тозуы аймақтағы барлық елдер үшін ортақ сын-қатерге айналып отырғанын атап өтті. Олардың айтуынша, ислам діні адамды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырады және табиғатқа қамқорлық жасауды Жаратқанның және болашақ ұрпақтың алдындағы адамгершілік парыз ретінде қабылдайды. Спикерлер діни ұйымдардың экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және табиғи ресурстарға жауапкершілікпен қарауға маңызды үлес қоса алатынын ерекше атап өтті.

Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі Иброхим Иномов өз баяндамасын исламдағы тату көршіліктің адамгершілік негіздеріне арнады. Ол көршіге құрмет көрсету, қамқорлық жасау және мейірімділік таныту ислам дәстүрінің ажырамас бөлігі екенін айтты. Спикер өз сөзін дәлелдеу үшін  хадистерді мысалға келтірді, оған сәйкес Жаратқанның алдындағы ең жақсы адам — өз көршілерімен жақсы қарым-қатынаста болатын адам.

Рим-католик шіркеуінің діни қызметкері, Қырғызстандағы Апостолдық Әкімшіліктің канцлері Янез Михельчич өз сөзінде тату көршіліктің тарихи аспектісін қарастырып, Питер Франкопанның «Жаңа жібек жолдары: әлемнің бүгіні мен болашағы» кітабына тоқталды. Ол автордың Орталық Азияны шеткері аймақ ретінде емес, әлемдік экономика мен саясаттың негізгі орталықтарының біріне қайта айналып жатқан кеңістік ретінде қарастыратынын атап өтті. Спикердің пікірінше, Ұлы Жібек жолының тарихи тәжірибесі дәл осы өзара құрмет, ашықтық пен ынтымақтастық аймақтың тұрақты дамуының негізі екенін көрсетеді.

Жасанды интеллектті дамыту аспектілеріне арналған қорытынды сарапшылық сессия қызу пікірталас тудырды. «Қазақстанның діни бірлестіктерінің қауымдастығының» жетекшісі Александр Клюшев жасанды интеллектті атом энергиясымен салыстырды. Оның айтуынша, технологияның өзі бейтарап және ол орасан зор пайда да, елеулі зиян да әкелуі мүмкін. Барлығы оның кімнің қолында екеніне және қандай мақсаттарға қызмет ететініне байланысты. Ол сондай-құрал адам затының кез келген жетістігі тек Жаратқанның қалауымен ғана мүмкін болатынын, сондықтан жаңа технологиялар тек адам игілігі үшін қолданылуы керек екенін атап өтті. «Біздің аймақ үшін жасанды интеллект деген не? Бұл тек технология емес. Біз, діндар адамдар үшін, бұл өз таңдауымыздың айнасы», — деп атап өтті Бішкек және Қырғызстан епископы Савватий.

Конференцияны қорытындылай келе, қатысушылар тату көршілік мәдениеті бүгінде көршілес мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас шеңберінен әлдеқайда тысқары шығып жатқанын атап өтті. Ол сенімге, адамдық қадір-қасиетті құрметтеуге және әртүрлілік бірлік пен тұрақты дамудың басты қайнар көзі болып табылатынын түсінуге негізделген халықаралық ынтымақтастықтың үлгісіне айналуда.