Қаз
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы

Жаңалықтар

Халықаралық орталық Ұлыбританияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісімен кездесу өткізді

Бөлісу

Астана қ., 2026 жылғы 23 маусым

Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығында Басқарма Төрағасы Гүлсана Қожабайдың Ұлыбританияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Салли Аксуорсимен кездесуі өтті.

Кездесу барысында тараптар Ұлыбританияның Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жұмысына қатысуы, сарапшылар мен ғылыми қоғамдастық өкілдерінің қатысуын кеңейту, сондай-ақ халықаралық диалог алаңдарында әйел лидерлердің өкілдігін арттыру мәселелерін талқылады.

Халықаралық орталықтың Басқарма Төрағасы қонақтарды Орталықтың қызметімен және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезінің негізгі қорытындыларымен таныстырды. Діни лидерлер мен ғылыми сарапшылардан құралған жұмыс тобы әзірлеген «Климаттың өзгеруімен күрестегі діндердің рөлі» және «Діни салада жасанды интеллектті пайдаланудың этикалық кодексі» тұжырымдамалық құжаттарына ерекше назар аударылды.

Ұлыбритания өкілдері Съездің 2003 жылғы іргетасы қаланған сәттен бастап оның тұрақты қатысушылары болып табылатыны атап өтілді. Форумның дамуының түрлі кезеңдерінде оның жұмысына Англикан шіркеуінің, британдық академиялық қоғамдастықтың өкілдері, дін қайраткерлері, сарапшылар мен дипломаттар қатысып, дінаралық диалог пен бейбітшілік мәдениетін ілгерілетуге елеулі үлес қосты.

Елші Салли Аксуорси өз кезегінде Ватиканмен бірлесе өткізген дінаралық іс-шараларды ұйымдастыру және Белфаст (Қайырлы жұма) келісімінің жылдығына арналған іс-шараны өткізу тәжірибесімен бөлісті. Атап айтқанда, ол протестанттық және католиктік қауымдастықтар өкілдерін бір диалог алаңына біріктірудің сәтті тәжірибесін атап өтті.

Тараптар мұндай бастамалар диалог пен өзара құрметтің көпжылдық келіспеушіліктерді еңсеруге, сондай-ақ сенім мен қоғамдық келісімді нығайтудың негізін қалауға қауқарлы екенін айқын көрсететіні туралы ортақ пікірге келді. Осыған байланысты Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің бейбітшілік, өзара құрмет және бейбіт қатар өмір сүру мәдениетін дәріптейтін халықаралық платформа ретіндегі бірегей рөлі ерекше атап өтілді.