Құрметті ханымдар мен мырзалар!
«Діндер терроризмге қарсы» атты халықаралық конференцияға қатысушыларға шын жүректен сәлем жолдаймын!
Бүгінде терроризм қатері халықаралық қауіпсіздік туралы түсінігімізді түбегейлі өзгертті. Терроризм шекара талғамайды, бай және кедей ел деп бөлмейді. Осынау қауіпке тойтарыс беретін бірегей әрі жалпыға ортақ шешім әзіргѐ жоқ. Сондықтан бұл жаһандық індетке лайықты қарсы тұру жолында бірлескен күш-жігерімізді еселей түсуіміз қажет.
Терроризм идеяларын жою үшін бір кісідей жұмылу, саяси қайраткерлердің, діни жетекшілердің, қоғамдық пікір көшбасшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының ағартушылық бағыттағы кең ауқымды жұмысын жүргізу аса маңызды.
Мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының отырысында терроризм мен экстремизмге қарсы тұра алатын бірыңғай әлемдік желі құруды, сондай-ақ осы саладағы̀ халықаралық құқықтық базаны жетілдіруді ұсындым. «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесімде барша адамзатты жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты̀ сақтауға шақырдым. Бұл ретте түрлі конфессиялар, діндер, мәдениеттер мен өркениеттер өкілдері арасындағы өзара түсіністіктің маңызы айрықша.
«Діндер терроризмге қарсы» атты халықаралық конференция Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі ая̀сында сәтті өтіп жүрген саяси және дінѝ қайраткерлер сұхбатының бірегей форматын дамытуға айрықша серпін береді. Осы форумның Астанада өтуінің өзіндік мәні бар. Жүзден астам этнос өкілдері тұратын Қазақстан халқы «әралуандық арқылы бірлік» қағидатын ұстанады. Бұл біздің халқымызға сан түрлі қиындықтарды еңсеру, әлеуметтік-экономикалық даму жолында зор жетістіктерге жету үшін күш-қуат берді.
Бүгінгі басқосу мәдениеттер мен діндер сұхбаты тәжірибесін байыта түсетінінѐ және сіздердің тараптарыңыздан терроризмге қарсы іс-қимыл барысындағы діннің рөлін арттыруға бағытталған тың идеялар ұсынылатынына сенімдімін.
Конференцияға қатысушыларға нәтижелі және жемісті жұмыс тілеймін!