Қаз
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы

Жаңалықтар

Астанада конституциялық реформа және қоғамдық диалог тетіктері талқыланды

Бөлісу

2026 жылғы 11 наурызда Астана қаласында «Конституциялық реформа және қоғамдық диалог: келешекке бағдар» тақырыбында сараптамалық платформа отырысы өтті. Іс-шараға Парламент депутаттары, саясаттанушылар, академиялық қауымдастық өкілдері, журналистер мен қоғамдық қайраткерлер қатысты. Халықаралық орталық атынан жиынға Басқарма Төрайымы Гүлсана Қожабай, сондай-ақ орталықтың тиісті департаменттерінің басшылары мен қызметкерлері қатысты.

Платформа жұмысы екі тақырыптық сессия аясында ұйымдастырылып, онда реформаның институционалдық қырлары, мемлекеттік басқарудың орнықты моделін қалыптастыру және білім беру саласына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Алғашқы сессия — «Жаңа Конституция институттары: орнықты мемлекеттің архитектурасы» — саяси жүйені трансформациялау мәселелеріне арналды. Пікірталасқа Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым модераторлық етті. Сарапшылар басқарудың тұлғаға тәуелді моделінен институционалдық сипаттағы жүйеге көшу, яғни президенттік биліктің жекетұлғалық сипаттан арылып, институционалдануы мәселесін талқылады. Ұсыныстар қатарында вице-президент институтын енгізу, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу, сондай-ақ қоғамдық қатысудың жаңа тетіктерін дамыту мәселелері қарастырылды. Соның ішінде пікір алуандығы мәдениетін қалыптастыруға және кеңесші демократия қағидаттарын дамытуға бағытталған Халық Кеңесінің қызметіне ерекше назар аударылды.

Конституциялық реформаның логикасы мен кезеңдері туралы «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарёв жан-жақты баяндады. Оның айтуынша, жаңа Конституция прагматикалық, инклюзивті және кезең-кезеңімен жүзеге асатын саяси жаңғыруға негізделген басқарудың тұрақты жүйесін қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Сарапшы маңызды жаңалықтардың қатарында президенттің бір рет қана сайланатын жеті жылдық мерзімін енгізу, президенттік өкілеттіктерді беру тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауда Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының рөлін күшейту мәселелерін атап өтті.

Саясаттанушы әрі конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Марат Шибутов өз сөзінде саяси қатысуды кеңейту мәселелеріне тоқталды. Оның пікірінше, жүргізіліп жатқан реформалар саяси бәсекелестікті арттыруға, қоғамдық-саяси өмірге жаңа қатысушыларды тартуға және әлеуметтік шиеленісті төмендетуге жағдай жасайды. Сарапшы жоғары мемлекеттік лауазымдарды бір мерзіммен шектеу билікті асыра пайдаланудың алдын алып, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуына жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Сонымен қатар Халық Кеңесін институционалдандыру және Ұлттық Құрылтай аясындағы өкілдік тетіктерін дамыту әртүрлі қоғамдық және саяси топтардың кеңінен ұсынылуына ықпал ететіні айтылды.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан жаңа Конституцияның адамға бағдарланған мемлекеттік басқару қағидаттарын іске асырудағы рөліне тоқталды. Оның айтуынша, реформалардың маңызды бағыттарының бірі – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың конституциялық кепілдіктерін күшейту. Атап айтқанда, Конституция жобасында ұсталған сәттен бастап заңгерлік көмек алу құқығын конституциялық деңгейде бекіту көзделіп отыр. Сондай-ақ Конституциялық Соттың өкілеттіктерін кеңейту мемлекет пен азамат арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететін қосымша құқықтық тетіктерді қалыптастырады.

Саясаттанушы Талғат Қалиев мемлекет институттарының тұрақтылығы мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, қазіргі геосаяси тұрақсыздық, санкциялық қақтығыстар мен қарқынды технологиялық өзгерістер жағдайында мемлекеттік институттардың саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету қабілеті ерекше маңызға ие. Жаңа Конституция тұрақтылық жеке тұлғалардың саяси ықпалына емес, институционалдық ережелер мен рәсімдерге негізделген басқару моделіне көшуді бекітеді. Сарапшы сондай-ақ парламенттік құрамдастың күшеюі, Парламенттегі президенттік квоталардың жойылуы және билік институттары арасындағы функциялардың қайта бөлінуі туралы айтты. Оның пікірінше, заң шығару қызметі негізінен Парламент шеңберінде шоғырланады, ал өңірлердің, этностардың және түрлі қоғамдық топтардың өкілдігі Халық Кеңесі арқылы жүзеге асуы мүмкін.

«Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова конституциялық реформаның құндылықтық негіздеріне тоқталды. Оның пікірінше, мемлекет тұрақтылығы ең алдымен адам қадір-қасиеті, қоғамдық келісім және ашық қоғамдық диалог қағидаттарына негізделген институттардың дамуына байланысты. Конституция жобасы адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, халық егемендігі қағидатына, отбасы институтын қолдауға және әлеуметтік мемлекетті дамытуға ерекше мән береді. Сонымен қатар құжатта адами капиталды дамыту, экологиялық жауапкершілік және мәдени мұраны сақтау мәселелері де көрініс тапқан.

Журналист Нұрбек Матжани ақпараттық кеңістікті реттеу және сөз бостандығы мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, жаңа Конституция сөз еркіндігі мен азаматтардың құқықтарын қорғау арасындағы теңгерімді қамтамасыз етеді. Құжатта цензураға тікелей тыйым салу бекітіліп, сонымен қатар ақпарат таратуға қатысты құқықтық жауапкершіліктің шекаралары айқындалады. Мұндай нормалар әртүрлі пікірлердің қатар өмір сүруіне мүмкіндік беретін плюралистік ақпараттық ортаны дамытуға негіз болады.
Бірінші сессияның қорытындысында қатысушылар конституциялық реформаның мақсаты — мемлекеттің институционалдық архитектурасын нығайтып, саяси қатысуды кеңейту және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін күшейту екенін атап өтті.

Екінші сессия — «Білім қоғамы: білім беру, инновация және цифрлық құқық» — адами капиталды дамыту, ғылым, инновациялар және цифрлық орта мәселелеріне арналды. Пікірталастың модераторы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов болды.

Саяси шолушы Ғазиз Әбішев Конституция жобасында зайырлылық қағидатының бекітілуіне тоқталды. Оның айтуынша, құжатта дін мен мемлекеттің бөлінуі қағидаты сақталып, діни ұйымдардың қызметінің құқықтық шеңбері айқындалады, сондай-ақ білім беру жүйесінің зайырлы сипаты бекітіледі. Мұндай тәсіл діннің саясаттандырылуына жол бермей, ар-ұждан бостандығы мен зайырлы мемлекет қағидаты арасындағы теңгерімді сақтауға бағытталған. Сонымен қатар Қазақстан азаматтардың діни сенімдеріне құрметпен қарай отырып, діни сенім бостандығын және діни емес көзқарастарды ұстану құқығын қамтамасыз етіп келеді.

Мақсұт Нәрікбаев атындағы университеттің профессоры Марат Ахмади қазіргі әлемдік экономикадағы адами капиталдың рөліне тоқталды. Оның пікірінше, мемлекеттің қуаты ең алдымен азаматтардың білім деңгейімен, кәсіби даярлығымен және инновациялық әлеуетімен айқындалады. Бұл пікірді қолдаған Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қарқынды технологиялық өзгерістер әлемдегі экономикалық және технологиялық теңсіздіктерді күшейтіп отырғанын атап өтті. Спикерлер ғылымды, білім беруді және инновацияларды дамытуды конституциялық деңгейде басым бағыт ретінде бекітудің стратегиялық маңызын ерекше айрықша көрсетті.

Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Конституция жобасы адам мен бала құқықтарын қорғаудың құқықтық кепілдіктерін күшейтетінін айтты. Оның сөзінше, балаларды қорғау мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі болып табылады. Конституцияда неке мен отбасы институтын, ана мен әкені, сондай-ақ балалық шақты қорғау қағидаттары бекітіледі. Бұл нормалар әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесін одан әрі дамытуға құқықтық негіз қалайды.

«Bilim Group» компаниясының негізін қалаушы әрі жетекшісі Рауан Кенжеханұлы қазіргі әлемде мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы білім мен адами капитал екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституция Қазақстанның білім, ғылым және технологияларды дамытуға, инновацияларды қолдауға және азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғауға бағытталған стратегиялық бағдарын айқындайды. Сонымен қатар білім беру жүйесі технологиялық өзгерістерден ілгері дамып, қоғамды жаңа экономикалық талаптарға бейімдеуі тиіс екенін айтты.

«Мир Евразии» қоғамдық қорының жетекшісі Эдуард Полетаев жаңа Конституция Қазақстанды білім қоғамы ретінде дамытуға стратегиялық негіз қалыптастыратынын атап өтті. Оның пікірінше, Конституцияның маңызы тек институционалдық өзгерістермен немесе билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлумен шектелмейді. Ол мемлекет пен қоғам дамуының құндылықтық және ұзақ мерзімді бағдарын айқындайды. Конституция жобасында ғылыми және техникалық шығармашылық еркіндігін, ғылымды, білім мен мәдениетті дамытудың басымдығын бекіту — интеллектуалдық әлеует пен адами капиталды мемлекеттің негізгі ресурсы ретінде танудың көрінісі.

Сараптамалық платформаның қорытындысында қатысушылар бұл алаңның мазмұнды әрі нәтижелі пікір алмасуға мүмкіндік бергенін атап өтті. Жиын депутаттарды, саясаттанушыларды, академиялық қауымдастық өкілдерін, журналистер мен қоғамдық қайраткерлерді біріктіріп, конституциялық реформа мен қоғамдық диалог тетіктерін жан-жақты талқылауға жағдай жасады.